Республикалық нотариаттық палатаның ЖАРҒЫСЫ
2012 жылдың 27 сәуір айында
Қазақстан Республикасының
аумақтық нотариаттық палаталар Өкілдерінің
IХ Съезімен бекітілген
Республикалық нотариаттық палатаның
ЖАРҒЫСЫ
(Қазақстан Республикасының аумақтық нотариаттық палаталар өкілдерінің XI Съезінің 2015 жылғы 03 сәуірдегі шешімімен,
Қазақстан Республикасының аумақтық нотариаттық палаталар өкілдерінің XII Съезінің 2018 жылғы 09 қарашадағы шешімімен,
Қазақстан Республикасының аумақтық нотариаттық палаталар өкілдерінің
XIV Съезінің 2021 жылғы 20 мамырдағы шешімімен, Республикалық нотариаттық палата Съезінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен
енгізілген өзгертулер мен толықтырулар)
2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешіміне сәйкес бүкіл мәтін бойынша «Ар-намыс кодексі» сөзін «Әдеп кодексі» сөзіне өзгерту.
- 1.Жалпы ережелер
1.1. Республикалық нотариаттық палата (бұдан әрі мәтін бойынша – РНП) аумақтық нотариаттық палаталарды (бұдан әрі мәтін бойынша – АНП) біріктіретін коммерциялық емес кәсіби өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.
1.2. РНП Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңына, «Нотариат туралы» ҚР Заңына, өзге де заңнамалық актілерге және осы Жарғыға сәйкес әрекет етеді.
1.3. АНП - әрбір облыстың, республикалық маңызды қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумағында құрылған және заңмен белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеуден өткен нотариаттық палаталар болып танылады.
1.4. РНП шексіз мерзімге құрылған және өз қызметін Қазақстан Республикасының барлық аумағында жүзеге асырады.
1.5. РНП заңды тұлға болып табылады және дербес балансында көрсетілетін өз меншігінде оқшауланған мүлікке және банк мекемелерінде есеп айыру шоттарына ие. РНП өз атынан мүліктік және мүліктік емес құқықтарды иеленуге және жүзеге асыруға, сондай-ақ міндеттерді атқаруға, сотта жауапкер мен талапкер болуға құқылы.
1.6. РНП коммерциялық емес ұйым бола отырып, басты мақсаты ретінде пайда табуды көздемейді және алынған табысты өз мүшелері арасында үлестірмейді.
РНП кәсіпкерлік қызметті тек оның жарғылық мақсаттарына қайшы келмейтін жағдайда ғана жүзеге асыра алады.
1.7. РНП келесі ұстанымдар негізінде құрылған және әрекет етеді:
- АНП мүшелігінің теңдігі;
- нотариустардың және АНП-ның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және көтермелеу;
- өз қызметінің заңдылығы мен ашықтығы;
- мемлекеттік органдармен және мемлекеттік емес ұйымдармен, соның ішінде халықаралық және шетелдік ұйымдармен тең құқылы ынтымақтастықты орнату;
- жарғылық қызметі мен нотариат мәселелері бойынша өз мүшелерінің пікірлері мен ұстанымдарын өзара құрметтеу;
- өзін-өзі басқару және өзін-өзі қаржыландыру.
ІІ. РНП-ның орналасқан жері
Жарғының 2.1. тармағына 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез шешімімен өзгертулер енгізілді.
2.1. РНП-ның заңды мекен-жайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Есіл ауданы, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарайшық көшесі, 38 үй, 5 пәтер
ІІІ. РНП қызметінің пәні мен мақсаттары
3.1. тармағы 2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімінің редакциясында көрсетілген.
3.1. РНП қызметінің мақсаты:
- білікті заң көмегін көрсететін құқықтық институт ретінде нотариаттың одан әрі ілгерілемелі дамуы;
- мемлекеттік құқықтық саясатты жүзеге асыруға қатысу;
- Халықаралық нотариат одағымен (ХНО) кәсіби ынтымақтастықты нығайту, басқа мемлекеттердің нотариаттық палаталарымен тең құқылы және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту;
- нотариат туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша, нотариустардың кәсіби қызметімен және нотариаттық көмек көрсетуді ұйымдастырумен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік басқару органдарында АНП мүдделеріне өкілдік ету;
- нотариаттық қоғамдастықтың тәуелсіз өзін-өзі басқару механизмін жетілдіру;
- РНП және АНП, сонымен қатар өзара АНП-дың арасындағы қарым-қатынасты дамыту.
3.2. РНП қызметінің пәні:
- білікті заңгерлік көмек көрсетуді ұйымдастыруға қатысу;
- 2010-2020 жылдарға мемлекеттік құқықтық саясат Тұжырымдамасының ережелерін түсіндіруге және жүзеге асыруға қатысу;
- республикада нотариатты дамыту Тұжырымдамасын әзірлеуге қатысу;
- жоғарғы және мамандырылған заң орта оқу орындары үшін нотариат бойынша оқу-әдістемелік материалдар дайындауға қатысу;
- нотариустардың әлеуметтік және өзге де құқықтарын қорғаудың құқықтық, ұйымдық және қоғамдық механизмдерін жетілдіруге көмек көрсету;
- нотариаттық аймақтарда нотариаттық қызмет көрсетудің түрлері мен әдістерін жетілдіру;
- АНП мен нотариустардың кәсіби құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.
3.3. РНП қызметінің негізгі түрлері келесілер болып табылады:
- нотариатты дамытудың бағдарламалары мен стратегияларын әзірлеуге қатысу;
- АНП қызметін үйлестіру;
- жарғылық қызметі мен құқық қорғаушы жұмысын ұйымдастыруда АНП-ға заңгерлік және басқа да көмек көрсету;
- мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда, соның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдарда, АНП мен нотариустардың мүдделеріне өкілдік ету;
- нотариат мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының әділет Министрлігінің заңжобалық және сараптамалық қызметіне қатысу;
- нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;
- нотариат саласында бақылау қызметі;
- нотариат туралы заңнаманы жетілдіру бойынша және мемлекеттік басқарудың сәйкес органдарына халыққа нотариаттық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарды өңдеу;
- республика нотариустарының құқық қолданушы тәжірибесін реттеу және жинақтау;
- нотариаттың өзекті мәселелері бойынша ғылыми және әлеуметтік зерттеулерге қатысу;
- нотариаттың дамуы мен РНП-ның жарғылық қызметінің мәселелерін БАҚ-та баяндау;
- нотариат мәселелері бойынша сот тәжірибесін жинақтау бойынша сот органдарына ұсыныстар енгізу;
- нотариат мәселелері бойынша мемлекеттік, мемлекеттік емес, үкіметаралық органдармен және ұйымдармен ақпараттармен алмасуды ұйымдастыру;
- нотариат мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу орталығын құру;
- АНП қызметінің оң тәжірибесін жинақтау және тарату;
- республиканың заң ЖОО студенттері мен магистранттары арасында нотариат бойынша ең үздік ғылыми жұмысқа байқаулар жариялау және көтермелеу;
- ең үздік нотариустар мен АНП үшін РНП-ның арнайы марапаттарын, сыйларын және гранттарын жариялау;
- республикада қайырымдылық және өзге де ағартушылық акцияларды ұйымдастыру;
- баспа қызметін ұйымдастыру және оған қатысу;
- арнайы республикалық журнал «Нотариус бюллетенін» құру;
- нотариустың Әдеп кодексін әзірлеу және бекіту;
- АНП мен нотариустардың әлеуметтік және кәсіби құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша шараларды өңдеу және қолдану;
- нотариат бойынша әзірленуші заңнамалар мен басқа да нормативтік құжаттар бойынша құқықтық және өзге де сараптамаларды ұйымдастыру;
- халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдарда нотариат қоғамдастығының мүдделеріне өкілдік ету;
- нотариат бойынша нормативтік құқықтық, аналитикалық, ақпараттық-анықтамалық және басқа да құжаттар мен материалдар жинақтарының мерзімдік басылымын құруды ұйымдастыру;
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 3.3. тармағына өзгертулер енгізілді.
- нотариустардың және АНП аппарат қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша оқытуды, семинарларды және тренингтерді ұйымдастыру;
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 3.3. тармағы толықтырылды.
- нотариат мәселелері бойынша әдістемелік материалдарды дайындау;
- қолданыстағы заңнамаға және осы Жарғыға қайшы келмейтін өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру;
2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешімімен 3.3. тармағы толықтырылды.
- Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйені басқару, шарттарды жасау;
2021 жылғы 20 мамырдағы Съез шешімімен 3.3. тармағы қысқартылды.
- нотариаттық палаталардың тәртіптік комиссияларының шешімдеріне, іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) байланысты шағымдарды қарау;
- тәртіптік тәжірибені жалпылау.
3.4. Жарғылық қызмет түрлерін жүзеге асыру мақсатында РНП-мен қабылданған шешімдер барлық АНП мен республика нотариустарымен орындалуы үшін міндетті.
ІV. РНП-ның құқықтары мен міндеттері
4.1. Заңнамамен белгіленген тәртіпте заңды тұлғаның коммерциялық емес түрі «Республикалық нотариаттық палата» дербес ұйымдық-құқықтық нысанда РНП-ның құқықтық қабілеті оның мемлекеттік тіркеуден өткен сәтінен басталады.
4.2. РНП келесілерге құқылы:
- банк мекемелерінде шоттарға ие болуға;
- қазақ және орыс тілдерінде өз атауымен мөрге, мөртабанға, бланкілерге және эмблемаға ие болуға;
- меншігінде немесе жедел басқаруында оқшауланған мүлікке және дербес балансқа ие болуға;
- мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарға ие болуға және жүзеге асыруға;
- сотта талапкер және жауапкер болуға;
- нотариат мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен немесе қоғамдық ұйымдармен меморандумдар мен келісімдер жасауға;
- азаматтық-құқықтық мәмілелер мен еңбек шарттарын жасауға;
- бұқаралық ақпарат құралдарын құру және баспа қызметін жүргізуге;
- АНП-дан және (немесе) жеке нотариустардан нотариаттық қызмет көрсетудің немесе нотариат тәжірибесінің жағдайы мен мәселелері туралы ақпаратты, сондай-ақ республикада нотариат институтын жетілдіру бойынша олардың ұсыныстарын сұратуға;
- нотариат қызметінің жағдайына бақылау жүргізу және бақылау қызметінің нәтижелері туралы өзінің арнайы басылымдарында жариялауға;
- нотариат бойынша нормативтік құқықтық актілердің әзірленуші жобаларын сараптау үшін сарапшыларды (мамандарды) тартуға;
- жарғылық міндеттерді іске асыруға бағытталған қолданылатын шаралар мен өткізіліп жатқан іс-шараларды қаржыландыруға;
- нотариустар үшін РНП-ның арнайы марапаттарын, сыйларын және гранттарын құруға;
- АНП мен нотариустарды материалдық қолдаудың арнайы қорын құруға;
- нотариат мәселелері бойынша халықаралық және республикалық форумдарда нотариат қоғамдастығының мүдделері мен ұстанымдарына өкілдік етуге;
- РНП қаражатымен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарын құруға;
- АНП жұмыстарының оң тәжірибесі мен нотариустардың құқық қолданушы тәжірибесін жинақтауға және таратуға;
- өзінің жарғылық міндеттеріне сәйкес келетін мөлшерде ғана кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;
- нотариат сұрақтары бойынша халықаралық коммерциялық емес жобаларға қатысуға;
- қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін басқа да қызметтерді жүзеге асыруға.
4.3. РНП міндетті:
- Жарғыны қатаң сақтауға және оның ережелерін жүзеге асыруды қамтамасыз етуге;
- Жарғы бойынша және РНП-ның басқару органдарымен қабылданатын құжаттар бойынша түсіндіру жұмысын жүзеге асыруға;
- заңға және осы Жарғыға сәйкес АНП жұмысын үйлестіру;
- мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда АНП мен нотариустардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және өкілдік ету, оларға құқықтық және өзге де көмек көрсету;
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 4.3. тармағына өзгерістер енгізілді.
- ҚР Әділет министрлігіне және АНП-ға жыл сайын өз қызметі туралы ақпарат ұсыну;
- бухгалтерлік және статистикалық есеп жүргізу.
V. РНП мүшелігіне кіру және одан шығу талаптары мен тәртібі. РНП мүшелерінің құқықтары мен міндеттері
V бөлімнің тақырыбы 2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімінің редакциясында, 2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешімінің редакциясында көрсетілген
Жарғының 5.1. тармағына 2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешімімен өзгертулер енгізілді.
5.1. РНП мүшелері міндетті негізде АНП болып табылады.
Жарғының 5.2. тармағына 2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешімімен өзгертулер енгізілді.
5.2. РНП мүшелігіне қабылдау АНП мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі қоса берілетін РНП құрамына кіру туралы АНП өтініші негізінде жүзеге асады. РНП мүшелігіне кіру туралы өтініш РНП Басқарма отырысында оны берген сәттен бастап 30 күннен кешіктірмей қаралады.
5.3. 2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешіміне сәйкес алынып тасталды.
5.4. АНП РНП басқару органдырының құрамдарында съездің немесе РНП Басқармасының шешімдерімен құрылатын өзінің өкілдері ретінде РНП Басқармасында, Ревизиялық және өзге де комиссияларда көрініс табады.
5.5. Өз өкілдері ретінде РНП мүшелері келесілерге құқылы:
- РНП-ның басқару органдарының құрамдарында болу және олардың жұмысына қатысуға;
- осы Жарғыдан туындайтын РНП-ның басқару органдары деңгейінде талқылау үшін кез келген ұсыныстар енгізуге;
- нотариаттың талқыланушы мәселелері бойынша палата ұсынған ұжымдық пікірлер мен ұстанымдарды қорғауға;
- жарғылық қызмет аясында РНП-мен қабылданатын шаралар мен өткізілетін іс-шаралар туралы нотариустарға мәлімет үшін ақпараттар алуға;
- орындарда нотариаттық қызмет көрсету мәселелерін шешу үшін РНП-дан материалдық, құқықтық немесе басқа да көмек алуға;
- РНП балансындағы мүлікке құқығын растайтын құжаттарға, сондай-ақ РНП-ның ревизиялық комиссиясының актілеріне қол жетімді болуға;
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 5.5. тармағы толықтырылды.
- РНП-ның және оның сайланбалы органдарының қызметі туралы мәліметтер алуға.
5.6. РНП мүшелері міндетті:
- осы Жарғымен қарастырылған қызмет түрлерін іске асыруға және мақсатты орындауға бағытталған РНП саясатын жүзеге асыруға;
- өз өкілдері ретінде РНП-ның басқару органдарының және құрылушы құрылымдарының жұмысына қатысуға;
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 5.6. тармағына өзгерістер енгізілді.
- нотариат мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары мен талаптарын және осы Жарғы ережелерін сақтауға;
- осы Жарғымен қарастырылған құзыреті шегінде нотариат мәселелері бойынша РНП-ның басқару органдары шешімдерінің қатаң орындалуын қамтамасыз етуге;
- РНП Жарғысымен және Съезімен анықталатын тәртіпте, көлемде және мерзімде мүшелік жарналарды төлеуге;
- РНП-мен жарияланатын журналдардың және өзге де ақпарат құралдарының беделіне материалдық және моральдық қолдау көрсетуге;
- республиканың нотариаттық қоғамдастығының моральдық және кәсіби бірлігін қамтамасыз етуге;
- нотариустың ар-намыс Кодексінің ережелерін нотариустардың қатаң орындауын қамтамасыз етуге;
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 5.6. тармағына өзгерістер енгізілді.
- жарты жыл және жыл ішіндегі жұмысының нәтижелері бойынша өз қызметі туралы ақпаратты, сондай-ақ РНП-ның басқару органдарымен сұралатын басқа да мәліметтерді РНП-ға ұсынуға;
- РНП-ның басқару органдарының, ревизиялық және өзге де комиссияларының жұмысына қатысу үшін өз өкілдерінен делегат жіберуге немесе уәкілеттік беруге;
- Қазақстан Республикасының заңнамасынан және осы Жарғыдан туындайтын басқа да міндеттерді орындауға.
VІ. РНП-ның басқару органдарының құрылымы, қалыптастыру
тәртібі және құзіреті
6.1. пункті 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез қабылдаған шешімнің редакциясымен баяндалды
6.1. Республикалық нотариаттық палатаның органдары:
1) жоғары орган – Республикалық нотариаттық палатаның съезі;
2) атқарушы орган – Республикалық нотариаттық палатаның басқармасы;
3) бақылаушы орган – ревизиялық комиссия.
Республикалық нотариаттық палатада Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясы құрылады.
Республикалық нотариаттық палатада Республикалық нотариаттық палатаның съезі қабылдайтын ережелер негізінде жұмыс істейтін ғылыми-консультациялық кеңес және басқа да органдар құрылуы мүмкін.
6.2. пункті 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез қабылдаған шешімнің редакциясымен баяндалды
6.2. Республикалық нотариаттық палата съезінің айрықша құзыретіне мыналар жатады:
- Республикалық нотариаттық палатаның жарғысын қабылдау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
- Республикалық нотариаттық палата басқармасының орналасатын жерін айқындау;
- Республикалық нотариаттық палатаның басқарма мүшелерін лауазымға сайлау және одан босату;
- Республикалық нотариаттық палатаның төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
- Республикалық нотариаттық палата ревизиялық комиссиясының мүшелері мен төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
- Республикалық нотариаттық палата тәртіптік комиссиясының мүшелері мен төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
- нотариаттық палаталардан делегаттардың Республикалық нотариаттық палатаның съезіне өкілдік ету нормаларын бекіту;
- Нотариустың әдеп кодексін бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
- ревизиялық комиссияның Республикалық нотариаттық палатаның қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есебін бекіту;
- Республикалық нотариаттық палата съезінің регламентін бекіту;
- нотариустарға арналған арнайы бағдарламаларды немесе жобаларды бекіту;
- РНП Басқармасының қызметі туралы РНП Төрағасының есебін бекіту;
- РНП қаржылық-шаруашылық қызметіне жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Ревизиялық комиссияның актілерін бекіту;
- АНП-ға мүшелік жарналарды төлеу мөлшерін, тәртібі мен мерзімдерін бекіту;
- нотариат туралы заңнамалық актілерге РНП бастамасымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылау, талқылау қорытындылары бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жіберілген ұсыныстар бойынша тиісті шешім қабылдау;
- РНП қаржыландыратын баспа, оқу және басқа құрылымдық бөлімшелерді, филиалдарды, өкілдіктер мен ұйымдарды құру туралы шешімдер қабылдау;
- РНП қызметіне байланысты кез-келген мәселелер бойынша шешім қабылдау;
- Республикалық нотариаттық палатаның жарғысында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
2015 жылғы 3 сәуірдегі, 2021 жылғы 20 мамырдағы Съездердің шешімдерімен 6.3. тармағына өзгерістер енгізілді.
6.3.РНП-ның кезекті Съезі кем дегенде төрт жылда бір рет шақырылады.
2015 жылғы 3 сәуірдегі, 2021 жылғы 20 мамырдағы Съездердің шешімдерімен 6.4. тармағына өзгерістер енгізілді.
6.4. РНП Съезі (кезекті және кезектен тыс) РНП Басқармасының шешімімен шақырылады, ол Съездің күн тәртібін, өтетін күні мен өткізу орнын, делегаттарды сайлау тәртібін анықтайды және сайлауды ұйымдастыру комитеті құрылады.
РНП Съезі (кезекті және кезектен тыс) онлайн және оффлайн режимінде өтеді. Съездің форматы РНП Басқармасының шешімімен анықталады.
Жарғы 2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 6.4-1. тармағымен толықтырылды.
6.4-1. Сайлауды өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитеті Басқармамен сайланатын үш адамнан тұрады және Съез (сайлау) өткізу және ұйымдастыру кезеңінде қызмет етеді. Сайлауды өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің қызметі, тіркеу тәртібі мен талаптары, РНП Төрағалығына үміткерлер құжаттарының тізімі және сайлауға қатысты басқа да сұрақтар Ережемен реттеледі. Ұйымдастыру комитеті жұмысының ұйымдастырушылық, қаржылық және техникалық қамтамасыз етілуі РНП-ға жүктеледі.
6.5. РНП-ның кезекті Съезін шақыру туралы Басқарма шешімі оны өткізу күніне дейін екі ай бұрын қабылдануы тиіс. Съезд шақыру туралы шешімді қабылдаған сәттен бастап 15 күн ішінде, бірақ Съезд өткізгенге дейін 30 күннен кешіктірмей, РНП Басқармасы күн тәртібін, оның өткізу күнін, жерін және өкілдік ету нормасын көрсете отырып, АНП-ға хабарлайды.
6.6. РНП-ның кезектен тыс Съезін шақыру РНП Төрағасымен, Басқармасымен, Ревизиялық комиссиясымен немесе РНП-ның 1/3 мүшелерімен ұсынылуы мүмкін.
Кезектен тыс Съезді шақыру туралы бастамашы-палаталармен қабылданған шешім күн тәртібінің сұрақтары мен оларды енгізу себептерін, өткізудің болжалды күні мен жерін көрсете отырып, жазбаша түрде РНП Басқармасына оны қабылдаған күннен бастап он күннен кешіктірмей жолданылады.
Кезектен тыс съезді шақыру туралы бастамашы-палаталардың ұсынысын басқа бестен кем емес АНП қолдаған жағдайда, РНП Басқармасы кезектен тыс Съезді шақыру туралы шешім қабылдайды.
РНП Төрағасының, Басқармасының және Ревизиялық комиссиясының ұсынысы бойынша кезектен тыс Съезд шақыру үшін АНП-ның алдын ала келісімі талап етілмейді.
6.7. РНП Съезіне (кезекті және кезектен тыс) делегаттар РНП Басқармасының шешіміне сәйкес АНП нотариустарының жалпы жиналыстарында сайланады.
Нотариустардың жалпы жиналыстары АНП Жарғыларымен бекітілген тәртіп бойынша шақырылады және өткізіледі.
6.8. РНП Съезіне сайланған делегаттардың іссапар шығындарын төлеу АНП қаражаттары есебінен жүзеге асырылады.
6.9. пунктінің бірінші абзацы 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез қабылдаған шешімнің редакциясымен баяндалды
6.9. РНП Съезі, егер оның жұмысына Республикалық нотариаттық палата мүшелерінің кемінде төрттен үшінен сайланған делегаттар қатысса, құзыретті болып саналады.
Шешімдер Съезге қатысушы делегаттардың санынан көпшілік даусымен ашық немесе жасырын дауыс беру жолымен РНП Съезімен қабылданады.
Дауыс беру нысаны (жасырын немесе ашық) Съезбен бекітіледі.
6.10. Съезд делегаттарының өкілеттіктерін анықтау үшін Мандаттық комиссия сайланады.
Мандаттық комиссиямен берілетін делегаттардың мандаттары өткізілетін Съезд жұмысының кезеңіне ғана жарамды.
6.11. Съездің күн тәртібіне кірген мәселелер бойынша Съезде қабылданатын шешімдер бойынша делегаттардың дауыстарын санау үшін Есеп комиссиясы сайланады.
АНП-дан бір делегат Съезде тек бір дауысқа ие. РНП Съезінде сенімхат бойынша басқа тұлғамен дауыс беруге жол берілмейді.
6.12. Съезде қабылданатын құжаттармен жедел жұмыс жасау үшін, қарардың, шешімдердің жобаларын дайындау үшін Редакциялық комиссия сайлануы мүмкін.
6.13. Мандаттық, Есеп және Редакциялық комиссия мүшелері Съезд делегаттарының жай көпшілік даусымен сайланады.
6.14. пункті 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез қабылдаған шешімнің редакциясымен баяндалды
6.14. Съездер арасындағы кезеңде РНП қызметін алқалы атқарушы орган – РНП Басқармасы, төрт жыл өкілеттік мерзімімен, басқарады. РНП Басқармасының Басшысы - РНП төрағасы болып табылады.
РНП Басқармасының мүшелері өз өкілеттіктерін ақысыз негізде жүзеге асырады.
6.15. пункті 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез қабылдаған шешімнің редакциясымен баяндалды
6.15. Әрбір АНП РНП Басқармасында Съезд делегаттарының ашық дауыс беру арқылы жай көпшілік дауыспен сайлаған бір ғана өкілі арқылы ұсынылуы керек.
РНП Басқармасына АНП өкілінің кандидатурасын тиісті аумақтық нотариаттық палатаның делегаттары тікелей Съезде ұсынады.
РНП Басқармасы мүшелерінің өкілеттіктерін жүзеге асыру келесі жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады:
а) қайтыс болу, денсаулығына байланысты өз өкілеттіктерін жүзеге асыра алмау;
б) осы Жарғымен оған жүктелген қызметтік міндеттерді тиісінше орындамау;
в) олардың РНП Басқармасы мүшесінің өкілеттіктерін жүзеге асырудан өз еркімен бас тартуы;
г) жүктілікке және босануға байланысты демалыста болуды, сондай-ақ ауру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен еңбекке жарамсыздықтың ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізіміне енгізілген жағдайларды қоспағанда, еңбекке жарамсыздығына байланысты қатарынан 2 (екі) айдан артық Басқарма мүшесінің функцияларын орындамау;
д) Басқарма мүшесінің нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензияның қолданылуын тоқтатылуы.
6.16. РНП Басқармасы, егер оның жұмысында мүшелерінің 2/3-ден кем емесі қатысатын болса, шешімдер қабылдауға құқылы.
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімінің редакциясында 6.17. тармағы көрсетілген.
6.17. РНП Басқармасының отырыстары тоқсан сайын өткізіледі. РНП Төрағасының немесе Басқарманың кемінде сегіз мүшесінің бастамашылығымен кезектен тыс, сонымен қатар қашықтықтағы отырыстар өткізілуі мүмкін. Қашықтықтағы отырыстың күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша оның ұстанымына байланысты Басқарманың әр мүшесінің пікірі РНП мекенжайына жазбаша нысанда электрондық және почта жөнелтімі түрінде жіберіледі. Басқарманың әрбір отырысынан кейін жазбаша нысанда хаттама жасалады немесе отырыстың аудио- не бейнежазбасы жүргізіліп, қабылданған шешімдерден тұратын қысқаша хаттама жасалады.
6.18. РНП-ның Басқарма отырысы РНП Төрағасының немесе РНП Басқарма мүшелерінің ұсынысы бойынша шақырылады және РНП Төрағасымен жүргізіледі.
РНП Төрағасы отырысқа шақыру туралы Басқарма мүшелеріне оны өткізгенге дейін он бес күннен кешіктірмей хабарлайды және алдағы отырыстың материалдарымен қамтамасыз етеді.
6.19. пунктінің бірінші абзацы 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез қабылдаған шешімнің редакциясымен баяндалды
6.19. РНП Басқармасының шешімдері оның отырысына қатысқан мүшелер жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады.
РНП Басқармасының мүшелерінің сенімхат арқылы дауыс беруіне жол берілмейді. РНП-ның Басқарма отырысында дауыстар тең болған жағдайда, оның Төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
6.20. пункті 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез қабылдаған шешімнің редакциясымен баяндалды
6.20. РНП Басқармасы:
- Республикалық нотариаттық палатаның қызметін қамтамасыз етеді;
- Республикалық нотариаттық палатаның Съезін шақырады, оның күн тәртібін қалыптастырады;
- РНП Съезінің форматын анықтайды;
- бастамашылық жасаған палаталардың кезектен тыс съезді шақыру туралы ұсыныстарын шешім шығара отырып қарайды;
- Съезге материалдардың жобаларын дайындайды;
- РНП Съезі, Басқармасы және РНП Тексеру комиссиясы шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
- республикада нотариустарды дамыту бағдарламаларын (тұжырымдамаларын, жобаларын) жасауға қатысады;
- АНП, олардың басқармалары мен төрағаларының қызметін, сондай-ақ РНП құрылымдарының жұмысын үйлестіреді;
- РНП есебінен баспа, оқу және басқа құрылымдарды құрады;
- РНП жылдық бюджетін бекітеді;
- нотариустардың біліктілігі мен кәсіби деңгейін арттыру бойынша шараларды ұйымдастырады;
- РНП Басқарма мүшелері арасынан РНП Төрағасының орынбасарын сайлайды және оның өкілеттіктерін анықтайды;
- нотариаттың әр түрлі мәселелері бойынша РНП жанынан тұрақты немесе арнайы комиссияларды, жұмыс топтарын құрады және олар туралы ережені бекітеді;
- РНП жарғылық қызметінен туындайтын әр түрлі іс-шараларды ұйымдастырады;
- РНП-ның халықаралық және республикалық форумдарға қатысуы туралы, оның iшiнде мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс немесе гранттар бойынша конкурстарға қатысу мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдайды;
- нотариат мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;
- республикадағы нотариаттық қызметті ұйымдастыру саласында туындайтын кез келген мәселелерді талқылайды және қарастырады;
- нотариаттық іс-әрекеттегі бақылауды ұйымдастырады;
- «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-2-бабына сәйкес Республикалық нотариаттық палатаның съезінде бекітілетін құжаттарды әзірлейді;
- нотариат тағылымдамашыларының тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережені Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен келісім бойынша бекітеді;
- нотариустардың біліктілігін арттыру туралы ережені Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен келісе отырып бекітеді;
- Республикалық нотариаттық палатаның тәртіп комиссиясының қызметі туралы ережені бекітеді;
- нотариустардың әлеуметтік және кәсіби құқықтарын қорғайды;
- нотариаттық палаталардың олардың қызметі, нотариустардың нотариаттық қызметі туралы жарты жылдық есептерін қорытындылайды;
- нотариаттық қызмет мәселелері бойынша әдістемелік қолдауды ұйымдастырады;
- нотариаттық іс-әрекеттердің сапасы бойынша зерттеулерді ұйымдастырады;
- нотариаттық палаталарға ақпараттық қолдауды ұйымдастырады;
- Республикалық нотариаттық палатаның интернет-ресурсында келесілерді орналастырады:
нотариаттық қызметпен айналысатын нотариустардың тізімі,
сонымен қатар нотариаттық палаталардың нотариустарының жаңа тізімдері;
нотариаттық қызметке қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері;
Нотариустың этикалық кодексі;
нотариустардың біліктілігін арттыру туралы ереже;
Республикалық нотариаттық палатаның қаржылық-шаруашылық қызметі туралы, әрбір өзіндік ерекшелік бойынша жеке-жеке барлық түсімдер мен шығыстар туралы ақпарат қамтылатын есепті;
республикалық нотариат палаталар басқармасының құрамы туралы ақпарат;
Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының жұмысын жалпылау;
Нотариат саласындағы оқиғалар мен іс-шаралар туралы ақпарат;
және Республикалық нотариаттық палатаның қызметі туралы басқа да қажетті ақпарат;
- «Нотариат бюллетені» журналын шығарады және таратады;
- нотариат мәселелері бойынша ғылыми және социологиялық зерттеулерді ұйымдастырады;
- нотариустарға қайырымдылық және білім беру іс-шараларын ұйымдастырады;
- «Жылдың үздік нотариусы» атағына конкурстар ұйымдастырады;
- РНП арнайы марапаттарын, сыйлықтары мен гранттарын тағайындайды;
- нотариустар бойынша әзірленген заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер бойынша құқықтық және өзге сараптамаларды ұйымдастырады;
- РНП қызметі туралы жыл сайынғы ақпаратты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне ұсынады;
- РНП Төрағасының ұсынысы бойынша РНП аппараты штат санын және қызметкерлеріне төленетін жалақы мен басқа төлемдерді бекітеді;
- осы Жарғыға қайшы келмейтін басқа мәселелерді шешеді;
- қолданыстағы заңнамаға және осы Жарғыға қайшы келмейтін басқа қызмет түрлерін жүзеге асырады;
- аумақтық нотариаттық палаталар жұмысының жылдық қорытындысын бекітеді;
- РНП қызметі туралы жылдық ақпаратты бекітеді;
- заңнамада белгіленген тәртіппен, нотариустарды мемлекеттік немесе ведомстволық наградаларға ұсынуға, оларға құрметті атақтар беруге өтініштер дайындайды;
- Сайлауды өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті туралы ережені бекітеді;
- Республикалық нотариаттық палатаның мүлкіне бағалау мен мақсатына сәйкес билік етеді;
- Республикалық нотариаттық палата Басқармасының ережесін бекітеді;
- Республикалық нотариаттық палатаның жарғысында көзделген басқа функцияларды жүзеге асырады.
2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешімімен 6.20. тармағы толықтырылды.
- Тәртіптік комиссия және шағымдарды қарау тәртібі туралы Ережені бекітеді.
6.21. тармағына 2022 жылғы 24сәуірдегі Съез шешімімен өзгертулер енгізілді.
6.21. РНП-мен РНП Басқармасымен қатар төрт жыл мерзімге сайланатын РНП Төрағасы басқарады. Сонымен қатар бір адам қатарынан екі мерзімнен артық РНП Төрағасы лауазымын атқара алмайды.
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімінің редакциясында 6.21. тармағының екінші абзацы көрсетілген.
Төраға болып он жылдан кем емес нотариус жұмыс өтілі бар, және тікелей сайланған күнге дейін бес жылдан кем емес уақыт бойы нотариаттық палата мүшелігінде болған нотариус сайланады.
Жарғы 2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 6.21-1. тармағымен толықтырылды.
6.21-1. РНП Төрағалығына үміткерді ұсыну құқығы РНП Басқармасына және кез келген АНП-ға беріледі. Төрағалыққа үміткердің өзін-өзі ұсынуына жол беріледі. Үміткерлерді ұсыну АНП мекенжайларына Съез өтетіні туралы хабарлама жолданған күннен басталып, Съез өтетін күнге дейін отыз күн бұрын аяқталады. РНП Басқармасының әлде АНП атынан үміткерді ұсыну РНП Басқармасының немесе АНП мүшелерінің Жалпы отырысының шешімімен жүзеге асырылады. Үміткерлерді тіркеу Сайлауды өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетімен жүргізіледі. Тіркеу Съез өтетін күнге он күннен кешіктірілмей аяқталады. Үміткерлер өздерінің үгіт-түсінік беру жұмыстарын өз қаражаттары есебінен жүргізеді.
6.22. РНП Төрағасы жасырын дауыс беру жолымен Съезде сайланады. Съезд делегаттарының көпшілік дауысын жинаған кандидат РНП Төрағасы болып танылады.
Сайлауда бірнеше кандидат қатысқан жағдайда, РНП Төрағасын сайлау осы Съезде екі турда өтуі мүмкін.
Егер РНП-ның Төрағасы қызметіне кандидаттар көпшілік дауысын жинамаса, осы Съезде өткізілетін дауыс берудің екінші туры өткізіледі. Екінші турда дауыс беру үшін тізімге ең көп дауысқа ие болған екі кандидат қосылады. Екінші турда ең көп дауыс жинаған кандидат РНП Төрағасы болып сайланады.
6.23. РНП Төрағасы өз өкілеттіктерін орындауға Съезде сайлау нәтижелерін жариялаған сәттен бастап кіріседі және жаңа Төрағаны сайлау нәтижелерін хабарлаған сәттен бастап немесе Төраға өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуы туралы Съезд шешім қабылдаған сәттен бастап тоқтатады.
6.24. РНП Төрағасының өкілеттіктерін орындау келесі жағдайларда мерзімнен бұрын тоқтатылады:
а) ол қаза тапқан жағдайда, денсаулық жағдайы бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі;
ә)осы жарғымен жүктелген өзінің қызметтік міндеттерін тиісті емес орындағанда;
б) РНП-ның Төраға өкілеттіктерін жүзеге асырудан оның ерікті бас тартуы;
в) оның жүктілігі және босануы бойынша демалыста болуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген еңбекке қабілетсіздігіне анағұрлым ұзақ мерзім белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, еңбекке қабілетсіздігі салдарынан 2 (екі) айдан аса Төраға қызметтерін атқармауы.
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 6.24. тармағы д) тармақшасымен толықтырылды.
д) лицензиясының күші тоқтатылғанда.
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімінің редакциясында 6.25. тармағы көрсетілген.
6.25. Осы Жарғының 6.24. тармағында көрсетілген РНП Төрағасының мерзімінен бұрын өкілеттіктерін жою үшін негіздер болған жағдайда, РНП-ның жаңа Төрағасын сайлауды өткізгенге дейін міндеттерді орындау РНП Төрағасының орынбасарына беріледі.
6.26. РНП Төрағасы мемлекеттік басқару органдарымен, мемлекеттік емес ұйымдармен, соның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдармен, өзара қарым-қатынастарда РНП-ның өкілетті және заңды өкілі болып табылады.
Қолданыстағы заңнамадан және осы Жарғы ережелерінен туындайтын өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында Төраға сенімхатсыз әрекет етеді.
6.27. тармағына 2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешімімен өзгертулер енгізілді.
6.27.РНП Төрағасы өзінің өкілеттік мерзімі ішінде нотариаттық, оқытушылық, ғылыми және шығармашылық қызметтерден басқа өзге төленетін қызметтерді атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, басқару органдарының немесе коммерциялық ұйымдардың қадағалау кеңестерінің құрамына кіруге құқылы емес.
РНП Төрағасының қызметіне, соның ішінде, Басқарма шешімімен бекітілген тәртіпте, уақытша болмаған мерзімге (ауруға шалдығуына және т.б. себептерге байланысты) өтемақы төленеді
6.28. РНП Төрағасы:
- РНП Съездерін дайындауды және өткізуді ұйымдастырады;
- РНП-ның Басқарма отырыстарын дайындайды және өткізеді;
- РНП Басқармасының және аппаратының ағымдағы жұмысын басқарады;
- РНП қызметінің жарғылық түрлерін жүзеге асыруға жауапты болады және бақылауды іске асырады;
- РНП-ның ағымдағы қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асырады;
- РНП атынан меморандумдарға, келісімдерге және азаматтық-құқықтық шарттарға қол қояды;
- нотариустардың халықаралық, шетелдік қоғамдастықтарында және өзге де халықаралық коммерциялық емес ұйымдарда РНП мүдделеріне өкілдік етеді;
- РНП-ның қаржылық және басқа да құжаттарына бірінші қол қою құқығына ие;
- банк мекемелерінде есеп айырысу шоттарын ашады;
- РНП атынан іскерлік хат жазысуды жүргізеді;
- РНП Басқармасының мүшелеріне олардың құзыретіндегі мәселелер бойынша тапсырмалар береді;
- бекітілген бюджет немесе смета шеңберінде РНП қаражаттарын басқарады;
- мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда, соның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдарда РНП мүдделеріне өкілдік етеді;
- РНП Съездерінің және Басқармасының шешімдерін орындауды ұйымдастыруға жауапты болады;
- РНП-ның іс қағаздарын жүргізуді қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады;
- РНП Басқарма аппаратының қызметкерлерімен орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
- Қазақстан Республикасының Заңнамасымен және осы Жарғымен белгіленген РНП өкілеттіктерін жүзеге асыру мәселелері бойынша РНП өкілдігіне сенімхаттар береді;
- заңнамалық актілермен және осы Жарғымен белгіленген шеңберде және шектерде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;
2015 жылғы 3 сәуірдегі Съезінің шешімімен 6.28. тармағы толықтырылды.
- РНП аппаратының қызметкерлеріне көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жаза тағайындайды;
- РНП атынан осы Жарғыдан туындайтын әртүрлі сұрақтар бойынша азаматтық-құқықтық шарттарды жасайды.
6.29. РНП қызметін қамтамасыз ету үшін РНП Төрағасымен қалыптасатын аппарат құрылады.
Еңбек заңнамасына сәйкес аппарат қызметкерлері РНП Төрағасының бұйрығы бойынша қызметке тағайындалады және босатылады.
Аппарат қызметкерлері РНП Төрағасымен бекітілген, оларға жүктелген функционалдық міндеттерді орындауға міндетті.
6.30. пункті 2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешіміне сәйкес алынып тасталды.
6.31. тармағына 2018 жылғы 09 қарашадағы, 2021 жылғы 20 мамырдағы Съездердің шешімдерімен өзгертулер енгізілді.
6.31. РНП-ның қаржы-шаруашылық қызметіне және оның шаруашылық құрылымдық бөлімшелеріне, филиалдарына, өкілдіктері мен ұйымдарына бақылауды жүзеге асыру үшін ашық дауыс беру жолымен, құрамы үш адамнан аспайтын, төрт жылдық мерзімге Ревизиялық комиссия құрылады.
Ревизиялық комиссияның мүшелері болып РНП Басқармасының мүшелері сайлана алмайды.
Ревизиялық комиссия құрамы Съезд делегаттарының санынан сайланады.
Ревизиялық комиссия өз құрамынан комиссияның жұмысын ұйымдастыратын және басқаратын Төрағаны сайлайды.
Нотариаттық палатаның ревизиялық комиссиясының мүшелері өз еркімен ақысыз қызмет атқарады.
6.32. пунктіне 2021 жылғы 20 мамырдағы Съезінің шешімімен өзгертулер енгізілді.
6.32.Ревизиялық комиссия кем дегенде төрт жылда бір рет РНП қызметінің қорытындылары бойынша РНП-ның қаржы-шаруашылық қызметіне тексерулер жүргізеді.
6.33. тармағына 2018 жылғы 09 қарашадағы Съез шешімімен өзгертулер енгізілді.
6.33. Ревизиялық комиссия өз бастамасымен, РНП Съезінің немесе Басқармасының шешімдеріне сәйкес немесе РНП Төрағасының бастамасы бойынша кез келген уақытта тексерулер жүргізуге құқылы. Тексерулер жүргізу үшін Ревизиялық комиссия басқа тәуелсіз мамандарды немесе аудиторларды тартуға құқылы.
Ревизиялық комиссия мақсатын жүзеге асыру үшін РНП-ның барлық қаржылық құжаттарына толық қолжетімділік құқығына ие. Ревизиялық комиссияның талап етуі бойынша РНП аппаратының қызметкерлері ауызша және жазбаша түрде қажетті түсініктемелерді беруге міндетті.
Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша Ревизиялық комиссия комиссияның барлық мүшелерімен және тартылған тұлғаларымен қол қойылатын акт жасайды және Съезге ұсынады.
РНП-ның Ревизиялық комиссиясы қорытындысының мәтіні РНП-ның барлық мүшелеріне қол жетімді.
6.34.РНП-ның Ревизиялық комиссиясы РНП-ның немесе оның құрылымдарының қаржы-шаруашылық қызметіне араласуға және олардың қызметін тоқтатуға құқылы емес.
6.35. РНП-ның Ревизиялық комиссиясы, қажет болған жағдайда, осы Жарғымен белгіленген тәртіпте кезектен тыс Съезді шақыртуды талап етуге құқылы.
Жарғы 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез шешімімен 6.36 пунктімен толықтырылды.
6.36. Нотариаттық палаталардың тәртіптік комиссияларының шешімдеріне шағымдарды қарау және тәртіптік практиканы жалпылау үшін Республикалық нотариаттық палатаның тәуелсіз органы болып табылатын және оған есеп беретін РНП Тәртіптік комиссиясы құрылады.
РНП Тәртіптік комиссиясының құрамына Съезде ашық дауыс беру арқылы сайланатын нотариаттық палаталардың ұсынысы бойынша нотариаттық қызметте кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар төрт нотариус, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ұсынысы бойынша қоғамның үш өкілі кіреді.
РНП Тәртіптік комиссия мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылдан аспайды.
РНП Тәртіптік комиссия мүшелерінің құрамы нотариаттық палаталар ұсынған кандидаттар арасынан сайланады. РНП Тәртіптік комиссиясының төрағасы Съезде РНП Тәртіптік комиссиясының сайланған мүшелері арасынан сайланады.
РНП Тәртіптік комиссиясының төрағасы оның жұмысын ұйымдастырады және басқарады.
РНП Тәртіптік комиссиясының мүшелері өз қызметін ерікті және ақысыз негізде жүзеге асырады.
Жарғы 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез шешімімен 6.37 пунктімен толықтырылды.
6.37. Республикалық нотариаттық палатаның тәртіп комиссиясының отырысы оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан жағдайда құзыретті болып саналады.
Жарғы 2021 жылғы 20 мамырдағы Съез шешімімен 6.38 пунктімен толықтырылды.
6.38. Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының шешімі отырысқа қатысушы комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясының шешіміне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
VII. РНП мүлкінің қалыптасу көздері
7.1. РНП меншігінде ғимараттарға, құрылыстарға, тұрғын үй қорына, құрал-жабдыққа, бұйымға, мәдени-ағарту, сауықтыру және оқыту мақсатындағы мүлікке, ақшаға, акцияларға, бағалы қағаздарға және жарғылық қызметті материалдық қамтамасыз ету үшін өзге де мүлікке ие бола алады.
РНП меншігінде өз қаражаттары есебінен құрылатын баспалар және кәсіпорындар болуы мүмкін.
РНП қаражаттары жарғылық мақсаттарға жетуге және қызметтің жарғылық түрлерін іске асыруға жұмсалады.
7.2. РНП мүлкінің қалыптасу көздері келесілер болып табылады:
- РНП мүшелерінің мүшелік жарналары мен басқа да түсімдері;
- нотариустардың ерікті жарналары мен заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылықтары;
- білім беруге арналған және басқа да шаралар өткізуден түскен түсімдер;
- РНП-ға тиесілі акциялар мен басқа да бағалы қағаздар бойынша дивидендтер және кірістер;
- халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардан алынған гранттар;
- заңнамамен тыйым салынбаған РНП-ның өндірістік, шаруашылық, баспа және өзге де қызметінен түскен кірістер.
- заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен РНП-мен алынған қаражаттар;
- заңнамамен тыйым салынбаған басқа да қаражаттар.
7.3. РНП қолдануында жедел басқару немесе жалға алу құқығындағы мүлікке ие бола алады.
7.4. АНП РНП Съезімен және осы Жарғымен бекітілген көлемде, тәртіпте және мерзімде мүшелік жарналарды төлеуге міндетті.
Мүшелік жарналар РНП мүлкін қалыптастырудың негізгі көзін құрайды және оның меншігі болып табылады.
Мүшелік жарналар өткен айдан кейінгі айдың 10-шы күніне дейін АНП-ның төлеуіне жатады.
РНП-ға мүшелік жарналарды 6 ай ішінде төлемеген жағдайда, РНП берешек сомасын төлету үшін сотқа жүгінуге құқылы.
7.5.РНП мүшелері мен мемлекет РНП міндеттемелері мен қарыздары бойынша жауап бермейтіні сияқты, РНП өз мүшелері мен мемлекеттің міндеттемелері мен қарыздары бойынша жауап бермейді.
7.6. РНП қолданыстағы заңнамаға сәйкес жаза қолдануы мүмкін өзіне тиесілі мүлік шегінде өз міндеттемелері мен қарыздары бойынша жауапты болады.
7.7. РНП-ның мүлкін, соның ішінде оның ақшалай қаражаттарын тікелей басқаруды РНП Төрағасы жүзеге асырады.
7.8. Меншік құқығындағы РНП-ға тиесілі жылжымайтын мүлікті және мәміле жасау күніне республикада белгіленген 1000-есе есептік көрсеткіштен жоғары теңгерімдік құнындағы мүлікті иеліктен шығару немесе шектеу қою Басқарма шешімімен ғана жүргізіледі.
VIII. РНП жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу тәртібі
8.1. Осы Жарғыға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы шешімді тек РНП Съезі қабылдай алады.
8.2. РНП Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды енгізу құқығы РНП Басқармасына, сондай-ақ РНП-ның кез келген мүшесіне тиесілі.
8.3. РНП Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы РНП Басқармасының ұсынысы Басқарма мүшелерінің 2/3 даусымен қабылдануы тиіс және оның шешімі түрінде ресімделуі тиіс.
8.4. РНП Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы АНП ұсынысы нотариустардың жалпы жиналысында қабылдануы тиіс және жиналыс хаттамасы түрінде ресімделуі тиіс. Жиналыс хаттамасы РНП Басқармасына оны қабылдаған күннен бастап он күннен кешіктірмей жолдануы тиіс.
8.5.РНП Төрағасы Жарғыға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы РНП Басқармасынан және (немесе) АНП-дан түскен ұсыныстарды талқылауды олардың түскен күнінен бастап екі ай ішінде барлық АНП-ға жолдауы тиіс. Енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды РНП Басқармасы және басқа бестен кем емес АНП бастамашы-палатасы қолдаған жағдайда, осы Жарғымен бекітілген тәртіпте РНП Съезі шақырылады.
8.6. Жарғыға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Съезд шешімі Съезд жұмысына қатысушы делегаттардың санынан 2/3 кем емес дауыстарымен қабылданады.
8.7. РНП Жарғысына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы мемлекеттік тіркеу органына хабарланады.
ІХ. РНП-ны қайта құру және қызметін тоқтату шарттары
9.1. РНП ерікті түрде (РНП Съезінің шешімі бойынша) және Қазақстан
Республикасының заңнамалық актілерімен қарастырылған тәртіп пен мерзімдер негізінде ықтиярсыз (сот шешімі бойынша) таратылуы мүмкін.
Х. РНП таратылған жағдайда мүлікті пайдаланудың тәртібі
10.1. РНП таратылған жағдайда оның мүлігі жарғылық мақсаттарға бағытталуы тиіс.
ХІ. Филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер
11.1. РНП-ның филиалдары мен өкілдіктері жоқ.