Мамандық жайлы
Қазақстан Республикасындағы нотариат – бұл нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт.
Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңмен белгiленген жағдайлар мен шектерде нотариаттық iс-әрекеттер жасауға мыналардың құқықтары бар:
1) мемлекеттiк нотариат кеңселерiнде жұмыс iстейтiн нотариустар (мемлекеттiк нотариустар) мен жеке практикамен айналысатын нотариустар (жекеше нотариустар);
2) аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi аппараттарының нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдары;
3) Қазақстан Республикасының атынан консулдық қызмет атқаратын адамдар;
4) Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңына сәйкес нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi өзге де адамдар.
Жекеше және мемлекеттiк нотариустардың нотариаттық қызметтi жүзеге асырған кездегi құқықтары, мiндеттері тең болады. Олар ресiмдеген құжаттардың бiрдей заң күшi болады.
Нотариаттық қызмет кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.
Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, жасы жиырма беске толған, жоғары заң білімі, заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл мерзіммен тағылымдамадан, әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қызмет атқаратын әкімшілік мемлекеттік қызметші мемлекеттік нотариус болып табылады.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алуды қоспағанда, мемлекеттік нотариусқа осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптар қолданылады.
Заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған, белгiленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабiлетсіз не iс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулi деп танылған адам нотариус бола алмайды.
Өзiне қатысты ақталмайтын негiздер бойынша қылмыстық iс тоқтатылған, лицензиясынан айырылғандықтан не нотариаттық iс-әрекет жасау кезiнде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бергенi үшiн мемлекеттiк нотариус қызметiнен босатылғандықтан нотариаттық қызметтi тоқтатқан адам да осындай оқиға болғаннан кейiн бес жыл бойы нотариус бола алмайды.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi берген лицензия (нотариус лицензиясы) нотариусқа нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлдiк бередi.
Нотариус лицензиясы мерзiмi шектелмей берiлетiн басты лицензия болып табылады және ол Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.
Прокуратура органдарының, не Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң, не Республикалық нотариаттық палатаның талап қоюы бойынша сот шешiмiмен мынадай жағдайларда:
1) жекеше нотариус Нотариустың ар-ождан кодексiн бiрнеше рет бұзғанда;
2) нотариус нотариаттық iс-әрекеттер жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңдарын бiрнеше мәрте бұзғанда не мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне зиян келтiрiп, заңдарды бұзғанда;
3) лицензияның күшiн тоқтата тұру себептерi жойылмағанда;
4) лицензия беруге негiз болып табылатын құжаттарда нотариустың дәйектемесiз немесе қасақана бұрмаланған ақпарат беру фактiсi анықталғанда;
5) лицензияның күшi үш мәрте тоқтатылғанда;
6) нотариус кәсіптік қызметін аумақтық әділет органдарында тиісті есептік тіркелусіз жүзеге асырғанда нотариус лицензиясы керi қайтарылып алынады.
Нотариустың құқықтары
Нотариус:
1) өзiне жүгiнген жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне сәйкес ҚР «Нотариат туралы» Заңында және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген нотариаттық iс-әрекеттер жасауға;
2) мәмiлелердiң, өтiнiштер мен басқа да құжаттардың жобаларын жасауға;
3) құжаттардың көшiрмелерiн және олардың үзiндiлерiн әзiрлеуге;
4) нотариаттық iс-әрекеттер жасау мәселелерi бойынша консультациялар беруге;
5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, жеке және заңды тұлғалардан нотариаттық iс-әрекеттер жасауға қажеттi құжаттар мен мәлiметтер талап етуге;
6) ғылыми, педагогтiк және шығармашылық қызметпен айналысуға.
Нотариустың қызметiн шектеу
Нотариустың:
1) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға;
2) шарттарды жасасу, өзгерту және бұзу кезiнде делдалдық қызмет көрсетуге;
3) өкiлдi органға депутат болып сайланған жағдайда нотариус мiндеттерiн орындауға;
4) жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасамай өз міндеттерін орындауға;
5) нотариустың мөрін оның лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған кезеңге аумақтық әділет органына тапсыруын қоспағанда, факсимилені пайдалануға және мөрін, электрондық цифрлық қолтаңбасын басқа адамға беруге;
6) ҚР «Нотариат туралы» Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, есептік тіркеу орнынан тыс жерде қызметін жүзеге асыруға құқығы жоқ.
Егер ҚР «Нотариат туралы» Заңында өзгеше көзделмесе, жеке практикамен айналысатын нотариустың жалдама қызметкер ретiнде еңбек қатынастарында болуға құқығы жоқ.
Нотариаттық iс жүргiзу
1. Нотариаттық iс жүргiзу Қазақстан Республикасының архивтер мен құжаттаманы басқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органымен келiсу арқылы Республикалық нотариаттық палатаның қатысуымен Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтетiн Нотариаттық iс жүргiзу жөнiндегi қағидаға (бұдан әрi - Қағида) сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қағида талаптарының сақталуына бақылау жасауды аумақтық әдiлет органдары мен нотариат палаталары жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік нотариустардың құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мiндеттi түрде мемлекеттік архивке тапсырылуға тиіс.
Жекеше нотариустардың құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен міндетті түрде жеке нотариаттық архивке тапсырылуға тиiс.
Нотариустың өзінің тегі, аты, әкесінің аты (егер болса), сондай-ақ мемлекеттік нотариат кеңсесінің атауы (мемлекеттік нотариус мөрі) не нотариус лицензиясының нөмірі мен берілген күні (жекеше нотариус мөрі) көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, куәландыру жазбаларының мөртабандары мен жеке бланкілері болады.
Нотариустардың мөрінің бедерлері мен қолының үлгілері Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде, аумақтық әділет органында, сондай-ақ нотариаттық палатада сақталады.
Нотариаттық іс-әрекеттер жасау үшін мөрге тапсырысты және оны нотариустарға беруді жүзеге асыруды аумақтық әділет органы жүргізеді.
Жекеше нотариустың мөрін дайындау оның өз қаражаты есебінен, ал, мемлекеттік нотариуске бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Аумақтық әдiлет органы мен нотариаттық палата лицензиясының күшi тоқтатылған нотариустың құжаттарын басқа нотариусқа немесе жеке нотариаттық архивке беру жөнiнде, сондай-ақ лицензияны лицензиарға беру үшiн алып қою және нотариустың мөрiн жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
Нотариустың мiндеттерi
Нотариус:
1) ҚР «Нотариат туралы» Заңы және Қазақстан Республикасының нотариат қызметiн реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес нотариаттық iс-әрекеттер жасауға;
2) азаматтарға және заңды тұлғаларға құқықтар мен мiндеттердi түсiндiруге, олардың заңды бiлмегендiгi өздерiне зиян келтiруге пайдаланылуы мүмкiн болмауы үшiн, жасалған нотариаттық iс-әрекеттерiнiң салдарлары жөнiнде ескертуге;
3) кәсiптiк қызметiн жүзеге асыруға байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi құпия ұстауға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейтiн жағдайда нотариаттық iс-әрекеттер жасаудан бас тартуға;
5) кәсiптiк әдептi сақтауға;
6) әдiлет органына және (немесе) нотариаттық палатаға өз iс-әрекеттерiне түскен шағымдар бойынша өзi жасаған нотариаттық iс-әрекеттер туралы мәлiметтер, өзге құжаттар, ал қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер, оның iшiнде кәсiптiк әдеп талаптарын сақтамау мәселелерi жөнiнде түсiнiктемелер беруге;
7) өз лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі қағидада көзделген тәртіппен іс жүргізуіндегі құжаттарды басқа нотариусқа беруге;
8) өз лицензиясының қолданылуы ҚР «Нотариат туралы» Заңның 12-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 4-1) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда, сақтауындағы барлық нотариаттық құжаттарды жекеше нотариаттық мұрағатқа беруге;
9) өз тегінің, атының, әкесінің атының және өз үй-жайы орналасқан жерінің өзгеруі жөніндегі мәліметтерді бір ай ішінде аумақтық әділет органына ұсынуға міндетті.
Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсатта және тәртіппен нотариаттық іс-әрекеттер туралы мәліметтер мен ақпарат беру нотариаттық іс-әрекеттер құпиясын жария ету болып табылмайды.