2026 жылғы 14 желтоқсанда Астанада Maqsut Narikbayev University базасында азаматтық заңнаманы жетілдіру және Қазақстан нотариатының даму перспективаларына арналған Республикалық нотариустар конференциясын өткізу жоспарлануда.
Конференция өткізу бастамасы 2026 жылғы 10 қарашада Олег Полумордвиновтың төрағалығымен өткен Республикалық нотариаттық палатаның жұмыс онлайн-кеңесінде талқыланды.
Конференция нотариаттық қоғамдастықтың жаңа Азаматтық кодекске ұсыныстар дайындау және Нотариатты дамытудың 2028-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысының алғашқы жалпыреспубликалық кезеңі болады деп күтілуде.
Конференция өтетін уақытқа қарай тақырыптық жұмыс топтары өз қызметінің алғашқы мазмұнды нәтижелерін ұсынуға тиіс.
Олардың қатарында заңнаманы жетілдіру жөніндегі алдын ала ұсыныстар, құқықтық талдау нәтижелері, нотариаттық практикада анықталған проблемалар және оларды шешудің ықтимал жолдары болуы мүмкін.
РНП төрағасы Олег Полумордвинов Қазақстан нотариустарының кәсіби қарым-қатынасы үшін тұрақты алаң қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Съездерден, Басқарма отырыстарынан және біліктілікті арттыру іс-шараларынан өзгеше, конференция нотариаттық практиканың өзекті мәселелерін тікелей талқылауға, тәжірибе алмасуға және кәсіби шешімдерді бірлесіп әзірлеуге арналған алаң болуға тиіс.
Талқылауларға заң ғылымының өкілдері мен өзге де сарапшыларды тарту көзделеді. Бұл ретте кәсіби пікірталастың негізгі қатысушылары практикалық қызметпен айналысатын нотариустар болуы керек.
Кеңес барысында Республикалық конференцияны жыл сайын өткізуді РНП Басқармасының шешімімен бекіту мүмкіндігін қарастыру да ұсынылды.
Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар Республикалық және аумақтық нотариаттық палаталардың бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстанның түрлі өңірлерінде кезекпен өткізілуі мүмкін.
Конференцияны өткізуге қатысты ұйымдастыру мәселелері мен оның бағдарламасы қосымша айқындалады.
11.11.2026
Астанада Республикалық нотариустар конференциясын өткізу жоспарлануда
РНП · Жаңалықтар