2026 жылғы 11 қарашада Астанада Республикалық нотариаттық палата мен «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Кездесуде жалдау ақысын, коммуналдық және пайдалану төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу кезінде атқарушылық жазба жасауға қатысты мәселелер қаралды.
РНП атынан кездесуге төраға Олег Полумордвинов пен атқарушы директор Гүлнара Рыспекова қатысты. Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының атынан басқарушы директорлар Ернар Сулейменов пен Ернар Абитаев, құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Қаныш Қалиев қатысты.
Компания өкілдері тұрғын үй құрылысын қолдау, үлестік қатысуға кепілдік беру және кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй ұсыну тетіктерін таныстырды. Сонымен қатар нотариустарға жүгінген кезде туындайтын практикалық мәселелерге тоқталды.
Талқылаудың бір бөлігі жалдау ақысы бойынша берешекті өндіріп алу үшін нотариусқа ұсынылатын құжаттарға арналды. Компания өкілдері жалдау шарттарының түпнұсқаларын өңірлерге жіберу уақыт пен шығынды қажет ететінін, құжаттардың жоғалу қаупін де ескеру керектігін айтты. Осыған байланысты компания куәландырған көшірмелерді ұсыну мүмкіндігін пысықтауды ұсынды.
Коммуналдық және пайдалану төлемдері бойынша талаптар да жеке қаралды. Мұндай жағдайларда қызмет көрсетушілер пәтерлердің меншік иесі ретінде компаниядан берешекті өндіріп алуға жүгінеді. Компания өкілдері жалдау шарттарында аталған төлемдерді төлеу міндеті жалға алушыларға жүктелген жағдайларға назар аударды. Осы орайда төлем жасауға міндетті тұлғаны анықтау, талаптардың даусыздығы және борышкердің қарсылығын қарау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ компанияға атқарушылық жазбалардың көшірмелерін жіберу тәртібі сөз болды. Компания өкілдері қарсылықты уақытында беру үшін құжаттарды уақтылы алудың маңызды екенін атап өтіп, хат-хабарды компанияның заңды мекенжайына жолдауды ұсынды.
Кездесу барысында заңнама талаптары мен нотариаттық практиканы ескере отырып, қосымша құқықтық пысықтауды қажет ететін мәселелер айқындалды.
11.11.2026
РНП мен Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы атқарушылық жазба жасау мәселелерін талқылады
РНП · Жаңалықтар
