Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
11.11.2026

Жаңа Азаматтық кодекстің қазақ тіліндегі редакциясының заңдық дәлдігін нотариустар талқылады

РНП · Жаңалықтар

Азаматтық заңнаманың қазақ және орыс тілдеріндегі редакцияларының терминологиялық және мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету мәселесі Республикалық нотариаттық палатаның 2026 жылғы 10 қарашада өткен жұмыс онлайн-кеңесінде көтерілді.
Тиісті ұсынысты Түркістан облысы Нотариаттық палатасының нотариусы, азаматтық құқық пәнін қазақ тілінде оқытумен де айналысатын Гүлзира Дайрабаева білдірді.
Оның айтуынша, қолданыстағы азаматтық заңнамада құқықтық нормаларды мемлекеттік тілде қолдану кезінде қиындық туғызуы мүмкін терминологиялық дәлсіздіктер мен сәйкессіздіктер кездеседі.
Мысал ретінде сенімхаттарға, өкілдікке, қорғаншылық пен қамқоршылыққа қатысты терминдерді қолдану мәселелері келтірілді.
Баяндамашы нотариаттық әрекеттер негізінен қазақ тілінде жасалатын өңірлердегі нотариустар үшін заңнамадағы тұжырымдардың дәлдігі тікелей практикалық маңызға ие екенін атап өтті.
Нотариаттық қызмет заңдық ұғымдарды қолдануды талап етеді. Олардың мазмұны мән-жайларға құқықтық баға беруге, құжаттарды ресімдеуге және азаматтарға құқықтық салдарды түсіндіруге тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде оның қазақ тіліндегі редакциясына кәсіби заң-лингвистикалық сараптама жүргізуге ерекше назар аудару ұсынылды.
Бұл аударма сапасымен қатар құқықтық терминологияның бірізділігін, заңдық құрылымдардың дәлдігін және заңнама ережелерінің мағыналық сәйкестігін қамтамасыз етуді қамтиды.
Аталған мәселені жаңа азаматтық заңнаманы дайындау аясында одан әрі пысықтау үшін нотариаттық қоғамдастықтың бастамаларын жүйелеу кезінде ескеру ұсынылды.
Мемлекеттік тілдегі заңнама мәтіндерінің заңдық дәлдігін қамтамасыз ету құқықтық айқындық, заңнаманы біркелкі қолдану және азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды.

Жаңалықтарға оралу