Нотариаттық рәсімді жетілдіру, нотариаттық актінің заңдық күшін айқындау және мемлекеттік органдар мен кәсіби өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін ажырату мәселелерін Қазақстан нотариатын дамытудың 2028-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу аясындағы дербес жұмыс бағыты ретінде белгілеу ұсынылды.
Аталған мәселелер Республикалық нотариаттық палатаның 2026 жылғы 10 қарашада өткен жұмыс онлайн-кеңесінде талқыланды.
РНП төрағасы Олег Полумордвинов нотариаттық қызметтің құқықтық табиғаты мен азаматтық құқықтарды қорғау тетігіндегі орнын жүйелі түрде айқындау қажеттігіне назар аударды.
Негізгі мәселелердің бірі – нотариаттық рәсімнің дербес заңдық маңызы.
Нотариаттық әрекет жасау нәтижесінде қандай құқықтық салдар туындайтынын, нотариаттық актінің заңдық күші қандай, қандай бұзушылықтар оның жарамдылығына әсер етуі мүмкін және туындайтын даулар қандай тәртіппен шешілуге тиіс екенін айқындау қажет.
Соттардың, әділет органдарының, тәртіптік комиссиялар мен кәсіби өзін-өзі басқару органдарының құзыретін ажырату да маңызды мәселе болып отыр.
Кеңес барысында қатысушылар нотариустардың кәсіби жауапкершілігі мен оларды қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелерін де қозғады.
Нотариаттық қоғамдастық өкілдері нотариаттық әрекеттерге дау айту кезінде құқықтық айқындықты қамтамасыз ету және жауапкершіліктің жол берілген бұзушылыққа сай келетін тетіктерін қолдану қажеттігін атап өтті.
Нотариаттық әрекеттерді жасау барысында туындайтын мәселелер бойынша сот практикасындағы айырмашылықтарға да ерекше назар аударылды.
Заңнаманың проблемалық ережелерін анықтау үшін істердің жекелеген санаттары мен нотариаттық әрекеттердің түрлері бойынша нотариаттық және сот практикасын қорыту жұмысын ұйымдастыру ұсынылды.
Бұл жұмыстың нәтижелерін Нотариатты дамыту тұжырымдамасын, сондай-ақ нотариаттық қызмет туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды дайындау кезінде пайдалану көзделеді.
Негізгі міндет – нотариаттық актілердің сенімділігін, азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтарын қорғауды және кәсіби жауапкершіліктің түсінікті тетіктерін қамтамасыз ететін дәйекті әрі құқықтық тұрғыдан айқын реттеу жүйесін қалыптастыру.
11.11.2026
Жүйелі реттеуді қажет ететін мәселелер: нотариаттық актінің заңдық күші және нотариустың жауапкершілік шектері
РНП