Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
12.11.2026

РНП-да нотариат ардагері Михаил Малаховқа 80 жылдық мерейтойы қарсаңында құрмет көрсетілді

РНП
РНП-да нотариат ардагері Михаил Малаховқа 80 жылдық мерейтойы қарсаңында құрмет көрсетілді

12 қарашада Республикалық нотариаттық палатада нотариат ардагері, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы Михаил Федорович Малаховпен кездесу өтті. Алдағы 80 жылдық мерейтойымен құттықтауға оның әріптестері, достары, Астана мен Қарағанды нотариустары жиналды.
Жылы жүздесу барысында қатысушылар Қазақстандағы жекеше нотариаттың қалыптасуын, алғашқы нотариаттық кеңселердің жұмысын және жаңа институттың негізін қалауға атсалысқан азаматтардың еңбегін еске алды.
Кездесуді ашқан РНП төрағасы Олег Полумордвинов Михаил Малаховтың кәсіби жолы сот жүйесімен, Әділет министрлігімен және нотариатпен сабақтас екенін атап өтті.
«Бүгін біз Сізді, ең алдымен, әріптесіміз, нотариат ардагері, еліміздегі жекеше нотариаттың алғашқы қадамдарымен есімі тығыз байланысты тұлға ретінде қарсы алып отырмыз», - деді РНП төрағасы.
Қазақстанда нотариаттық қызметпен айналысу құқығын беретін № 0000001 алғашқы лицензия Михаил Малаховқа берілген. Олег Полумордвинов бұл нөмірдің артында жаңа жағдайда жұмыс бастаған мамандардың еңбегі, алғаш рет қабылданған практикалық шешімдер мен қалыптасқан кәсіби дәстүрлер тұрғанын айтты.
«Бүгінде біз нотариаттың болашағы, жаңа технологиялар, заңнама және кәсіби стандарттар туралы көп айтамыз. Алайда осы істі бастаған адамдардың еңбегін құрметтемей, алға жылжу мүмкін емес. Олардың тәжірибесін сақтап, мамандығымыздың тарихын жас нотариустарға жеткізу біздің міндетіміз», - деп атап өтті Олег Полумордвинов.
Көпжылдық еңбегі мен кәсіби қызметін құрметтеу белгісі ретінде Михаил Малаховқа РНП-ның «Нотариат саласындағы адал еңбегі үшін» медалі табысталды. Сондай-ақ қазақы дәстүрмен иығына шапан жабылды.
Михаил Федорович соттағы қызметі мен жекеше нотариаттың алғашқы жылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Ол ауыр жарақаттарына қарамастан судьялық қызметін жалғастырған Ұлы Отан соғысының ардагерлері жөнінде әңгімеледі.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы естелігі жиналғандарға ерекше әсер қалдырды. Михаил Федорович Малахов өзі Ахмет Байтұрсынұлының қызы деп атаған әйелді ақтау ісіне қатысқанын айтты. Оның естелігі бойынша, әйел жазасын толық өтеген. Бұл әңгіме заңдылықты қалпына келтірудің артында нақты адамның тағдыры, жазықсыз көрген азабы мен ақталған есімі тұрғанын еске салды.
Михаил Федорович биыл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толатынына да тоқталды. Конституциялық кепілдіктердің халық үшін маңызын атап өтіп, оларды күнделікті өмірде жүзеге асыруда нотариустарға жүктелетін жауапкершілік туралы айтты.
Жекеше нотариаттың қалыптасуын еске алған ардагер алғашқы кеңсенің жұмысын ұйымдастыру, қажетті құжаттарды әзірлеу және азаматтардың көптеп жүгінуіне байланысты туған міндеттер жөнінде баяндады. Оның айтуынша, көптеген мәселені алғаш рет шешуге тура келген, ал жұмыс таңнан кешке дейін, демалыссыз жалғасқан.
Кездесуде РНП-ның алғашқы төрайымы Әсел Булатқазықызы Жанәбілова да естеліктерімен бөлісті. Ол жекеше нотариаттың нормативтік және ұйымдастырушылық негізін қалыптастыру, қағидалар мен нұсқаулықтарды, құжаттарды ресімдеу талаптарын әзірлеу жұмыстары туралы әңгімеледі. Жаңа істі жолға қою кезінде әріптестердің қолдауы мен жауапкершілікті бірге көтеруге дайындығы маңызды болғанын атап өтті.
Әсел Жанәбілова сол жылдары көрсеткен көмегі мен сенімі үшін Михаил Федоровичке алғыс білдірді. Михаил Малахов өз кезегінде оның елімізде жекеше нотариаттың құрылуы мен дамуына қосқан үлесін ерекше атап, Қазақстан нотариатының ТМД елдері арасындағы деңгейіне жоғары баға берді.
Құттықтауға келген нотариустар үшін бұл кездесу мамандық тарихын сол кезеңнің тікелей куәгерінен естуге мүмкіндік берді. Қарағанды нотариусы, РНП-ның ТК мүшесі Жаңагүл Ержанова жекеше практикаға алғашқылардың бірі болып кіріскен кезде әріптестерін Михаил Малаховтың жұмысымен танысу үшін Астанаға жібергенін еске алды.
Нотариус Жібек Аминова Михаил Федоровичтің Қазақстан нотариаты тарихында бірінші нөмірлі нотариус болып қалатынын атап өтті.
Қатысушылар ардагермен жүздесуге мүмкіндік жасағаны үшін РНП-ға алғыс айтып, Михаил Федорович Малаховқа естеліктерін кітап етіп шығару туралы өтініш білдірді. Әріптестерінің пікірінше, оның соттағы қызметі мен жекеше нотариаттың қалыптасуы жөніндегі әңгімелері жас заңгерлер үшін құнды мұра болмақ.
Кездесу соңында Михаил Федорович құттықтаулар мен ықылас үшін әріптестеріне ризашылығын жеткізді. Ол нотариаттың беделін нығайту кәсіби қоғамдастықтың ортақ міндеті екенін, ал мамандыққа деген сенім әр нотариустың жауапкершілігі мен іс-әрекетіне байланысты қалыптасатынын атап өтті.

Жаңалықтарға оралу