24 қазанда Атырау облысының нотариустары өңірлік нотариаттық палатаны жиырма жылдан астам басқарған Гүлнар Жұмағұлқызы Масатованың зейнетке шығуына орай құрмет көрсетті. Әріптестері оның өңірдегі нотариаттың дамуына қосқан үлесін атап өтіп, өмірі мен еңбек жолына арналған сахналық қойылым ұсынды.
Қойылымда Гүлнар Жұмағұлқызының студенттік шағы, еңбек жолының қалыптасқан кезеңі және зейнет жасына жеткен тұсы бейнеленді. Оның бейнесін сахнада нотариустер Альфия Садуакасова, Лиза Лайкова және Салтанат Исамберлиева сомдады.
Қойылымның идея авторы — Актолкын Бахтарбаева, стилисті — Гульмира Хамзина.
Гүлнар Масатова еңбек жолын ішкі істер органдарында бастап, анықтаушы және тергеуші болып қызмет атқарды. 1991 жылы Атырау қаласындағы № 1 мемлекеттік нотариаттық кеңседе жұмысын бастады. Кейін аға мемлекеттік нотариустың орынбасары және аға мемлекеттік нотариус қызметтерін атқарды. 1999 жылы еңбек жолын жекеше нотариатта жалғастырды. 2006 жылғы 13 ақпанда Атырау облысының нотариаттық палатасының төрағасы болып сайланды. Республикалық нотариаттық палата Басқармасының мүшесі ретінде де кәсіби қоғамдастықтың жұмысына атсалысты.
Кешке арнап әріптестері бейнеролик дайындап, ән жазды. Қойылым «Қимай тұрмыз» әнімен аяқталды. Нотариустар Гүлнар Жұмағұлқызына бірге атқарған еңбегі, ақыл-кеңесі мен бөліскен тәжірибесі үшін алғыс білдірді.
Республикалық нотариаттық палата Гүлнар Жұмағұлқызына нотариат саласына сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, зор денсаулық, отбасының амандығы мен бақ-береке тілейді.
06.11.2026
Атырау облысында Гүлнар Масатованың зейнетке шығуына орай құрмет кеші өтті
Атырау облысының нотариаттық палатасы · Жаңалықтар
