2026 жылғы 4 қарашада Республикалық нотариаттық палата, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы және қаржы ұйымдарының өкілдері онлайн кеңес өткізді. Жиында қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін берешекті өндіріп алу және мұрагерлік құқықтық қатынастарда кредиторлардың құқықтарын іске асыру мәселелері талқыланды.
РНП атынан кеңеске төраға Олег Полумордвинов, атқарушы директор Гүлнара Рыспекова және заңгер Людмила Кутенко қатысты. Сондай-ақ талқылауға екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымы, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры және банктердің тарату комиссияларының өкілдері қосылды.
Кредиторлардың мұрагерлер мен мұрагерлік істер туралы мәліметтер алуы, қайтыс болған қарыз алушының міндеттемелері бойынша талап қою тәртібі және нотариус өкілеттіктерінің шегі басты назарда болды.
РНП ұсынған ұстанымға сәйкес, кредиторлардың құқықтарын қорғау заңда белгіленген нотариаттық құпия режимін сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс. Берешектің болуы мұрагерлер мен мұрагерлік іс туралы мәліметтерді беруге өздігінен негіз болмайды. Қолданыстағы заңнама кредиторларға мұндай ақпаратты нотариустан сөзсіз алу құқығын бермейді.
Сонымен бірге кредиторлар мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша талап қоюға құқылы. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1081-бабына сәйкес, мұндай талаптар өсиетті орындаушыға, мұраны сенімгерлікпен басқарушыға немесе мұрагерлерге қойылады. Мұрагерлердің жауапкершілігі олардың әрқайсысына ауысқан мүліктің құнымен шектеледі.
Олег Полумордвинов мұраны қабылдау және одан бас тарту жөніндегі азаматтық заңнама нормаларын да түсіндірді. РНП төрағасы нотариустың мұрагерді мұраны қабылдауға міндеттеуге құқығы жоқ екенін атап өтті. Бұл мұра қалдырушының қарызы қалған мүліктің құнынан асып түсетін жағдайларға да қатысты. Кредиторлар талаптарының болуы мұрагердің заңда белгіленген тәртіппен өз бетінше шешім қабылдау құқығын жоймайды.
РНП кредитордың мұрагерлік істі жүргізіп отырған нотариуспен өзара іс-қимыл жасауының арнайы тәртібі заңнамада көзделмегеніне назар аударды.
Нотариус кредиторлар тізілімін жүргізбейді және мұра қалдырушының қарыздарын тексеруге міндетті емес. Кредитор Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің ашық сервисі арқылы мұрагерлік істің бар-жоғын тексеріп, мұрагерлерге берешек туралы хабарлауды сұрап, нотариусқа жазбаша өтініш жолдай алады. Алайда нотариустың мұндай хабарламаны жеткізу міндеті заңда тікелей бекітілмеген.
Ақпаратқа қол жеткізу мәселесіне тоқталған Олег Полумордвинов нотариаттық құпия институты қазіргі дербес деректерді қорғау туралы заңнамадан әлдеқайда бұрын қалыптасқанын айтты. Сондықтан бұл мәселені тек дербес деректерді беру тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз. Нотариаттық құпия – нотариусқа жүгіну фактісінің және нотариаттық әрекеттерді жасау кезінде алынған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ететін дербес құқықтық кепілдік.
РНП құқықтық реттеуді жетілдірудің ықтимал бағыттары ретінде мұраны сенімгерлік басқару тетіктерін дамытуды, кредиторлардың талаптарын қорғау тәртібін нақтылауды және қажетті мәліметтерге қол жеткізу негіздерін заңнамалық тұрғыдан айқындауды ұсынды. Бұл тәсілдер қосымша құқықтық пысықтауды, соның ішінде азаматтық, процестік заңнамаға және нотариат туралы заңнамаға енгізілуі қажет өзгерістерді бағалауды талап етеді.
Атап айтқанда, РНП ұстанымында кредитордың мұраны сенімгерлік басқарушыны тағайындау туралы өтінішпен жүгіну мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Төраға мұрагердің мұра қалдырушының борыштары бойынша жауапкершілігі шарттан емес, заңнан туындайтынын да атап өтті: мұрагер мұра қалдырушы жасасқан шарттың тарабына автоматты түрде айналмайды, ал оның жауапкершілігі өзіне ауысқан мұра мүлкінің нарықтық құнымен шектеледі. Мұрагер мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша кредитор мұраның ашылған уақыты туралы білген немесе білуге тиіс болған кезден бастап есептелетін жалпы талап қою мерзімі шегінде жауап береді.
Нотариаттық әрекеттер туралы мәліметтерді алушылардың заңда көзделген аясын кеңейту мүмкіндігі, сондай-ақ мұндай мәліметтерге қол жеткізудің негіздері мен шектерін айқындау мәселесі бөлек талқылауды қажет етеді.
РНП төрағасы банктер мен басқа да қаржы ұйымдарын аталған мәселелерді уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық деңгейде пысықтауға шақырды. Нотариустар өз қызметін тек заң шеңберінде жүзеге асырады. Ал РНП олардың өкілеттіктерін өз бетінше кеңейтуге немесе нотариаттық құпияны ашудың жаңа негіздерін белгілеуге құқылы емес.
Сондықтан құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою үшін палата мен нотариустарға заңнамада көзделмеген талаптар қою емес, тиісті құқықтық тетіктерді жетілдіру қажет.
РНП пікірінше, бұл мәселелер Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу кезінде ескерілуге тиіс. Құқықтық реттеу кредиторлардың заңды талаптарын іске асырудың түсінікті тетігін қамтамасыз етіп, сонымен қатар мұрагерлер туралы мәліметтердің қорғалуын және олардың мүліктік жауапкершілігінің белгіленген шектерін сақтауы қажет.
04.11.2026
РНП мен қаржы секторының өкілдері мұрагерлік істерде кредиторлардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады
РНП
