Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов Maqsut Narikbayev University Жоғары құқық мектебінің Ғылым комитетінің кеңейтілген отырысына қатысты. Жиында Естер Левоновна Бабаджанянның философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынған «Біржақты ерік білдірудің құқықтық табиғаты мен салдары» тақырыбындағы диссертациясы талқыланды.
Олег Полумордвинов зерттеудің нотариат үшін практикалық маңызын атап өтті. Сенімхаттар мен өсиеттер, олардың күшін жою, мұраны қабылдау және одан бас тарту, түрлі келісімдер іспеттес нотариаттық іс-әрекеттермен нотариустар біржақты ерік білдірумен күн сайын жұмыс істейді. Алайда олардың құқықтық табиғаты мен реттеу тетіктерін жүйелі ғылыми тұрғыдан зерделеу қажеттілігі сақталып отыр.
РНП төрағасының айтуынша, жинақталған практикалық тәжірибемен қатар, нотариаттық әрекеттерді жасауға қатысты бірізді ұстаным қалыптастыру үшін ортақ ғылыми-теориялық негіз қажет.
«Зерттеу нәтижелері практикалық қызметтегі нотариустарға қолжетімді болып, олардың күнделікті жұмыста қалыптасқан тәжірибеге ғана емес, іргелі ғылыми тұжырымдарға да сүйенуіне мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деді Олег Полумордвинов.
Естер Бабаджанян мен РНП арасында көпжылдық кәсіби және ғылыми ынтымақтастық қалыптасқан. Ол нотариаттық қоғамдастық үшін, соның ішінде біржақты ерік білдіру мәселелері бойынша бірнеше рет семинар өткізген. РНП төрағасы зерттеуге қолдау білдіріп, оның нәтижелеріне нотариустардың мүдделі екенін жеткізді.
Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу міндеті бұл тақырыптың өзектілігін арттыра түседі. Олег Полумордвинов біржақты ерік білдіруді құқықтық реттеу жүйелі әрі дәйекті дамуы үшін осындай ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жаңа Кодекс жобасын дайындау барысында ескерудің маңызды екенін атап өтті.
30.10.2026
РНП төрағасы біржақты ерік білдіру мәселесіне арналған диссертацияны талқылауға қатысты
РНП · Жаңалықтар
