Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
30.10.2026

Олег Полумордвинов De Facto конференциясында атқарушылық жазба туралы баяндама жасады

РНП · Жаңалықтар
Олег Полумордвинов De Facto конференциясында атқарушылық жазба туралы баяндама жасады

30 қазанда Астанада сот жүйесі, мемлекеттік органдар және заң қоғамдастығы өкілдерінің басын қосқан «De jure → De facto. От закона к практике – 2026» практикалық конференция өтті. Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов «Атқарушылық жазбаны жасау және оның күшін жою тәртібіндегі заңнамалық жаңалықтар» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада «Нотариат туралы» заңға енгізіліп, күшіне енген өзгерістер мен оларды қолдану барысында туындайтын мәселелер қарастырылды. РНП төрағасы даусыз талаптар бойынша өндіріп алу шарттарына, атқарушылық жазбаны жасаудың аумақтық тәртібіне, борышкерді хабардар етуге және оның қарсылықтарын қарау рәсіміне тоқталды.
Олег Полумордвинов жай жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемелер бойынша өндіріп алу кезінде шарт пен кредитордың есебін ұсыну жеткіліксіз екенін атап өтті. Құжаттар борышкердің берешекті және өндіріп алуға ұсынылған нақты соманы мойындағанын растауға тиіс.
Нотариус пен соттың өкілеттіктерін ажыратуға ерекше назар аударылды. РНП төрағасының ұстанымынша, қарсылықты қарау кезінде нотариус оның белгіленген мерзімде берілгенін және талаппен келіспеу себептерінің көрсетілгенін тексереді. Алайда қарыздың бар-жоғы немесе мөлшері туралы дауды шешпейді. Мұндай дауда дәлелдемелерге баға беру соттың құзыретіне жатады.
Баяндамада нақтылауды қажет ететін мәселелер де көтерілді. Олардың қатарында мемлекеттік сатып алу, коммуналдық қызметтер және жалдау шарттары бойынша өндіріп алу негіздерінің арақатынасы, сондай-ақ атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартуға шағымдану туралы жаңа ережелердің процестік нормалармен және Жоғарғы Соттың түсіндірмелерімен үйлесуі бар.
2027 жылдан бастап атқарушылық жазба жасауға қатысты күшіне енетін норма туралы, атап айтқанда өтініштердің жекелеген санатын автоматты түрде бөлу тетігі де талқыланды. Олег Полумордвинов цифрлық тетік талаптарды құқықтық тұрғыдан тексерудің орнын баса алмайтынын атап өтті.
Баяндаманың негізгі өзегі – рәсімді екі тарап үшін де түсінікті әрі болжамды ету: өндіріп алушының даусыз талаптарын қорғауды қамтамасыз етіп, борышкер құқықтарының пәрменді кепілдіктерін сақтау.
Конференцияны De Facto адвокаттық кеңсесі мен De Facto біліктілікті арттыру орталығы екінші рет ұйымдастырды. Бағдарлама аясында азаматтық, қылмыстық және әкімшілік процесс, заң көмегін көрсету, сот төрелігін цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері де талқыланды.

Жаңалықтарға оралу