Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
Маңызды
25.11.2026

Республикалық нотариаттық палата мұраны қабылдау мерзімін түсіндірді

РНП · Жаңалықтар
Республикалық нотариаттық палата мұраны қабылдау мерзімін түсіндірді

Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры Гүлнара Рыспекова «Заңды білу маңызды» айдары аясында мұраны қабылдау үшін нотариусқа қалай жүгіну керегін және өткізіп алған мерзімді қандай жағдайда қалпына келтіруге болатынын түсіндірді.
Жалпы ереже бойынша мұраны қабылдау туралы өтініш мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде мұраның ашылған жері бойынша нотариусқа беріледі. Гүлнара Рыспекованың айтуынша, қайтыс болу туралы куәлікті алғаннан кейін нотариусқа бірден жүгінуге болады. Мұраға құқық туралы куәлік, әдетте, алты айлық мерзім аяқталғаннан кейін беріледі. Сондықтан куәліктің берілу мерзімін күтпей, өтінішті осы алты ай ішінде тапсыру қажет.
Шығарылымда мұрагер белгіленген мерзімді өткізіп алып, мұраны іс жүзінде қабылдамаған жағдайда не істеу керегі де айтылды. Егер мерзім дәлелді себеппен өткізіліп алынса және мұрагер сол себеп жойылған күннен бастап алты ай ішінде сотқа жүгінсе, сот мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіре алады.
Гүлнара Рыспекова кассациялық сот тәжірибесінен мысалдар келтіріп, соттардың мұндай істерде қандай мән-жайларды ескеретінін түсіндірді. Бір істе мұрагер әкесі қайтыс болған кезде кәмелетке толмағанын және заңды өкілінің нотариусқа уақытында жүгінбегенін алға тартқан. Ол мұраға құқық туралы куәлікті даулаған. Екінші істе мұрагер әкесінің қайтыс болғанын екі жылға жуық уақыт өткен соң білгенін айтып, мерзімді қалпына келтіруді сұраған. Сот әр істің нақты мән-жайларын ескеріп, екі талапты да қанағаттандырудан бас тартқан.
Палатаның атқарушы директоры мұрагерлерге өтінішті заңда белгіленген мерзімде беру үшін мұраның ашылған жері бойынша нотариусқа ертерек жүгінуді ұсынады.

Жаңалықтарға оралу