2026 жылғы 27 қарашадан бастап халықаралық және қалааралық облысаралық автобус бағыттарында балалардың ата-анасыз жол жүруіне қойылатын жаңа талаптар енгізіледі. Осыған байланысты Республикалық нотариаттық палата бала автобуспен, пойызбен немесе ұшақпен сапарға шыққанда қандай құжаттарды алдын ала дайындау қажеттігін түсіндіреді.
Қажетті құжаттар тізбесі баланың жасына, сапар бағытына, көлік түріне және онымен бірге жүретін адамға байланысты. Баланың өз бетінше жол жүруі мен басқа ересек адамның, мысалы, әжесінің, нағашы апасының немесе жаттықтырушысының еріп жүруімен сапарға шығуын ажырата білу қажет.
Туыстық қатынастың болуы адамға баланың заңды өкілі мәртебесін автоматты түрде бермейді. Сондықтан тасымалдау қағидаларында көзделген жағдайларда баланы ертіп жүретін адамның өкілеттігі нотариаттық құжатпен расталуға тиіс.
Автобуспен жол жүру кезінде не өзгереді?
Жаңа талаптарға сәйкес, 2026 жылғы 27 қарашадан бастап халықаралық және қалааралық облысаралық автобус бағыттарында ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз жол жүретін 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға ата-анасының немесе заңды өкілінің нотариат куәландырған жазбаша келісімі қажет болады.
Автобусқа отырғызу кезінде келісімді жүргізушіге немесе тасымалдаушының өкіліне түпнұсқада не цифрлық құжаттар сервисі арқылы электрондық құжат нысанында көрсету қажет.
Өзгерістер Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 10 қарашадағы № 317 бұйрығымен көзделген. Бұл талап аталған бағыттарға қатысты қолданылады және баланың қалалық қоғамдық көліктегі кез келген сапарына нотариаттық келісім қажет дегенді білдірмейді.
Бала пойызбен сапарға шықса
Бала өзінің заңды өкілі болып табылмайтын кәмелетке толған адаммен бірге жол жүрген жағдайда, баланың заңды өкілінің атынан ресімделген, оны сапарда ертіп жүру құқығын растайтын нотариат куәландырған құжатты көрсету қажет.
Құжат пойызға отырғызу кезінде түпнұсқада не цифрлық құжаттар сервисі арқылы электрондық құжат нысанында ұсынылады. Мұндай құжат болмаған жағдайда баланы пойызға отырғызуға жол берілмейді.
Егер баланың заңды өкілі осы пойыздың құрамында бірге жол жүрсе, басқа адамның баланы ертіп жүру құқығын растайтын бөлек нотариаттық құжат талап етілмейді. Ата-ананың баланы вокзалға шығарып салуы ғана бұл талаптан босатпайды: заңды өкіл пойызда бірге жол жүруге тиіс.
15 жастан бастап балаларға заңды өкілінің нотариат куәландырған жазбаша келісімімен ересек адамның еріп жүруінсіз жол жүруге рұқсат етіледі. Пойызға отырғызу кезінде бала келісімді жолсерікке түпнұсқада не цифрлық құжаттар сервисі арқылы электрондық құжат нысанында көрсетеді.
Бала ұшақпен сапарға шықса
6 жасқа толмаған балалар тек кәмелетке толған жолаушының еріп жүруімен тасымалданады.
Жалпы қағидаларда 6 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды ересек адамның еріп жүруінсіз тасымалдау мүмкіндігі көзделген. Мұндай тасымалдау ата-анасының, асырап алушыларының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының жазбаша өтініші негізінде авиакомпания арқылы ресімделеді. Қызмет көрсету талаптарын тасымалдаушымен алдын ала келісу қажет.
Ересек адамның еріп жүруінсіз сапарға шығатын кәмелетке толмағандар сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін тасымалдауға қабылданбайды.
Егер бала басқа кәмелетке толған жолаушымен бірге ұшса, авиакомпания баланың туу туралы куәлігін, сондай-ақ туыстық қатынасты немесе баланы тасымалдауға заңды құқықты растайтын құжаттарды сұратуы мүмкін.
Шетелге шығу үшін не қажет?
Кәмелетке толмаған Қазақстан азаматы әуе көлігімен Қазақстан Республикасынан ересек адамның еріп жүруінсіз шыққан жағдайда, паспортынан бөлек ата-анасының, асырап алушыларының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының нотариаттық тәртіппен ресімделген келісімі болуы қажет.
Келісімде шетелге шығу мерзімі және бала баруды жоспарлаған мемлекет немесе мемлекеттер көрсетіледі.
Халықаралық сапар кезінде баратын және транзитпен өтетін мемлекеттердің, сондай-ақ таңдалған тасымалдаушының талаптарын қосымша тексеру қажет. Шекарадан өту үшін паспорт талап етілетін жағдайда туу туралы куәлік оны алмастырмайды.
Нотариуста сенімхат па, әлде келісім ресімдеу керек пе?
Қажетті құжат сапардың мән-жайына және тиісті көлік түріне арналған тасымалдау қағидаларына қарай айқындалады.
Баланы ертіп жүруге арналған құжат нақты ересек адамның баланы сапарда ертіп жүру өкілеттігін растайды. Ал келісім тасымалдау қағидаларында көзделген жағдайларда заңды өкілдің баланың сапарға шығуына рұқсатын білдіреді.
Нотариусқа жүгінген кезде сапар бағытын, мерзімдерін, көлік түрін, бала және оны ертіп жүретін адам туралы мәліметтерді хабарлау қажет.
Азаматтық кодекстің 168-бабына сәйкес, сенімхат үш жылдан аспайтын мерзімге берілуі мүмкін. Егер қолданылу мерзімі көрсетілмесе, ол берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады.
Бұл ережені келісімге автоматты түрде қолдануға болмайды. Келісімде рұқсат етілген сапар мерзімін, ал әуе көлігімен шетелге өз бетінше шығуға арналған келісімде баратын мемлекеттерді де көрсету қажет.
Жолға шығар алдында нені тексерген жөн?
Сапарға дейін мыналарға көз жеткізіңіз:
- билет баланың жарамды құжаты негізінде ресімделген және олардағы мәліметтер сәйкес келеді;
- баланың жасын, туыстық қатынасты немесе оны ертіп жүретін адамның өкілеттігін растайтын құжаттар дайын;
- сапар мерзімі нотариаттық құжатта көрсетілген мерзімге сәйкес келеді;
- қажет болған жағдайда баланы ересек адамның еріп жүруінсіз тасымалдау қызметі авиакомпаниямен келісілген;
- тасымалдаушының талаптары және халықаралық сапар кезінде шекарадан өту қағидалары ескерілген.
Құжатты цифрлық құжаттар сервисі арқылы көрсетуге рұқсат етілсе, дәл осы сервисті пайдалану қажет. Құжаттың фотосуреті немесе скриншоты электрондық құжаттың орнына жүрмейді.
Республикалық нотариаттық палата ата-аналарға тасымалдау талаптарын алдын ала нақтылап, қажетті құжаттарды жолға шығатын күнге дейін ресімдеуді ұсынады.
