Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
13.11.2026

РНП төрағасы Астана заң форумында нотариаттың құқықтық даулардың алдын алудағы рөлі туралы баяндады

РНП
РНП төрағасы Астана заң форумында нотариаттың құқықтық даулардың алдын алудағы рөлі туралы баяндады

2026 жылғы 13 қарашада Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов Астана заң форумына қатысты. «Дауларды шешу тетіктері» сессиясында ол азаматтар мен бизнестің құқықтарын сотқа жүгінбей қорғауға мүмкіндік беретін нотариаттық құралдар туралы баяндама жасады.
Форум бағдарламасында заңгердің кәсіби беделін қалыптастыру, заң командаларының тиімді жұмысы және дауларды шешу мәселелері қамтылды.
Олег Полумордвинов өз сөзінде нотариаттың маңызды міндеттерінің бірі құқықтық қатынастарда дау туындау қаупін алдын алу екенін атап өтті.
Тараптардың шынайы ниетін анықтау, мәміленің мәні мен салдарын түсіндіру, құжаттың заң талаптарына сәйкестігін тексеру кейінгі келіспеушіліктердің алдын алуға көмектеседі.
«Нотариустың кәсібилігі көбіне оның жұмысынан кейін ешқандай жанжал туындамағанынан көрінеді», - деді РНП төрағасы.
Баяндамада нотариустың тәуелсіздігі мен бейтараптығына ерекше назар аударылды. Нотариус мәмілеге қатысушылардың біріне басымдық бермей, барлық тараптың заңды мүдделерін ескереді. Құжат жобасын басқа заңгер әзірлеген жағдайда да нотариус оның мазмұнын тексеріп, тараптардың құқықтық салдарын түсінгеніне көз жеткізуге тиіс.
Осы міндеттің практикалық маңызын түсіндіру үшін Олег Полумордвинов тұрғын үйді жақын адамына беру жөніндегі мысалды келтірді. Егер азамат қайтыс болғаннан кейін пәтерін баласына қалғанын қаласа, ал оған қол қоюға сыйға тарту шарты ұсынылса, құжаттың заң тұрғысынан дұрыс жазылуы жеткіліксіз. Ең алдымен адамның нақты еркін анықтап, өсиет пен сыйға тартудың салдарын түсіндіру қажет.
РНП төрағасы нотариус жұмысының нәтижесі әрдайым куәландырылған құжатпен өлшенбейтінін де атап өтті. Заң талаптарына қайшы әрекетті жасаудан бас тарту азаматтың немесе өзге тұлғаның құқықтарын бұзуға жол бермеуі мүмкін.
Сонымен қатар баяндамада дәлелдемелерді қамтамасыз ету, заңда белгіленген талаптар сақталған кезде атқарушылық жазба арқылы даусыз берешекті өндіріп алу және нотариаттық құжаттарды сақтау мәселелері қарастырылды. Нотариаттық мұрағат құжат жоғалғанда немесе жылдар өткен соң мұрагерлерге тиісті мәліметтер қажет болғанда құқықтық қатынастардың құжаттық негізін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Олег Полумордвинов заңгерлерді мәмілені дайындау барысында болашақта туындауы ықтимал дауларды да ескеруге шақырды. Оның айтуынша, шарттың мәтінін әзірлеумен қатар, тараптардың құқықтарын қорғаудың қандай тетіктері қажет екенін алдын ала бағалау маңызды.
РНП төрағасы сот, медиация және нотариаттың әрқайсысы өз міндетін атқаратынын атап өтті. Ал нотариаттың мүмкіндіктерін уақтылы пайдалану азаматтар мен кәсіпкерлерге құқықтық қатынастарын айқын әрі сенімді негізде құрып, сот дауына әкелуі мүмкін тәуекелдерді азайтуға көмектеседі деп қортындылады.

Жаңалықтарға оралу