Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
11.11.2026

Қазақстанның нотариаттық қоғамдастығы жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуге қатысу үшін күш біріктіруде

РНП · Жаңалықтар
Қазақстанның нотариаттық қоғамдастығы жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуге қатысу үшін күш біріктіруде

2026 жылғы 10 қарашада Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвиновтың төрағалығымен аумақтық нотариаттық палаталардың төрағалары мен нотариаттық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта жұмыс кеңесі өтті. Кеңесте Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексін әзірлеуге нотариустардың қатысуы және Нотариатты дамытудың 2028–2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындау мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу міндетін қойды. Алдағы реформа азаматтық-құқықтық қатынастардың іс жүзінде барлық саласын қамтиды және нотариат қызметі үшін тікелей маңызға ие.
Кеңесті ашқан Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвинов жаңа азаматтық заңнаманы қалыптастыруға нотариаттық қоғамдастықтың белсенді қатысуы қажеттігін атап өтті. Бұл ретте алдағы жұмысты жүзеге асыруға берілген уақыттың шектеулі екеніне ерекше назар аударылды.
Республикалық нотариаттық палата жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына енгізілді. Осыған байланысты нотариаттық практикаға негізделген, құқықтық тұрғыдан жан-жақты дәлелденген ұсыныстарды жүйелі түрде әзірлеу жұмысын ұйымдастыру кезек күттірмейтін міндеттердің біріне айналып отыр.
Нотариустар күнделікті қызметінде азаматтық заңнама нормаларын қолданады, оларды түсіндіруге қатысты мәселелермен бетпе-бет келеді, құқықтық реттеудегі олқылықтар мен қайшылықтарды анықтайды. Бұл кәсіби тәжірибе заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарда көрініс табуға тиіс.
Кеңес барысында алдағы жұмыстың өзара байланысты екі негізгі бағыты айқындалды.
Бірінші бағыт — нотариаттық қызметке тікелей қатысты мәселелер бойынша жаңа Азаматтық кодекске ұсыныстар әзірлеу. Олардың қатарында мәмілелердің нотариаттық нысаны, заттық және міндеттемелік құқықтық қатынастар, өкілдік ету және сенімхаттар, мұрагерлік, жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелер және азаматтық айналымның өзге де мәселелері бар.
Екінші бағыт — Қазақстан Республикасында нотариатты дамытудың 2028–2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу. Бұл құжат нотариаттың болашақ даму моделін, азаматтық құқықтарды қорғау жүйесіндегі орнын, нотариаттық рәсімдерді, кәсіби өзін-өзі басқаруды, білім беру жүйесін, жауапкершілік мәселелерін және нотариаттық қызметтің жаңа нысандарын жетілдіру тәсілдерін айқындауға бағытталады.
Жұмысты ұйымдастыру мақсатында Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы бес негізгі бағытты ұсынды:
1.    Жаңа Азаматтық кодекс және азаматтық айналымдағы нотариаттың рөлі.
2.    Нотариаттық рәсім, нотариаттық актінің заңдық күші және нотариустың жауапкершілігі.
3.    Кәсіби өзін-өзі басқару және нотариатты ұйымдастыру.
4.    Кәсіби білім беру және нотариаттық қызмет стандарттары.
5.    Нотариаттық өкілеттіктерді дамыту және цифрландыру.
Жекелеген бағыттарды үйлестіру аумақтық нотариаттық палаталар арасында бөлінеді деп көзделуде. Ал тақырыптық жұмыс топтарының құрамына еліміздің әр өңірінен білікті әрі бастамашыл нотариустар тартылады.
Талқылау барысында аумақтық нотариаттық палаталардың өкілдері азаматтық заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдіріп, нотариаттық практикадағы өзекті мәселелерді көтерді және тиісті бағыттар бойынша жұмысқа қатысуға дайын екендерін жеткізді.
Атап айтқанда, жекелеген мәмілелер үшін міндетті нотариаттық нысанды кеңейту, мұрагерлік құқықтық қатынастар, жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлестерді айқындау, сенімхаттарды құқықтық реттеу, корпоративтік мәмілелер, медиация және рента шарттары мәселелері талқыланды.
Нотариаттық және сот практикасын жинақтап, талдау, құқық қолданудағы алшақтықтарды жою, сондай-ақ жаңа Азаматтық кодекстің қазақ тіліндегі мәтінінің заңдық және терминологиялық дәлдігін қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы атқарылатын жұмыстың нәтижесі практикаға жасалған талдаумен негізделген, құқықтық айқындықты арттыруға және азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты құқықтық тетіктер мен заңнамалық нормалардың жобалары болуға тиіс екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе алдағы жұмысты ғылыми тұрғыдан сүйемелдеуді ұйымдастыру болды. Атап айтқанда, Республикалық нотариаттық палатаның жанынан тұрақты жұмыс істейтін ғылыми-консультативтік кеңес құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мұндай кеңес заңнамалық бастамаларға сараптама жүргізуге, Тұжырымдаманы әзірлеуге және кәсіби құқықтық ұстанымдарды қалыптастыруға қатыса алар еді.
Сонымен қатар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқықтық даулардың алдын алудағы нотариаттың рөлі туралы қоғамның түсінігін кеңейтуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Бірлескен жұмыстың алғашқы республикалық кезеңі ретінде 2026 жылғы 14 желтоқсанда Астана қаласында Maqsut Narikbayev University базасында өткізу жоспарланған Республикалық нотариустар конференциясы белгіленді.
Осы уақытқа дейін тақырыптық жұмыс топтары заңнамаға жүргізілген талдаудың алғашқы нәтижелерін, өзекті проблемалық мәселелерді және оларды шешу жөніндегі алдын ала ұсыныстарын ұсынады деп күтілуде.
Алдағы уақытта конференцияны Қазақстан нотариустарының тұрақты кәсіби пікір алмасу, тәжірибе бөлісу және заңнамалық бастамаларды талқылау алаңына айналдыру жоспарланып отыр.
Онлайн-кеңестің қорытындысы бойынша Республикалық нотариаттық палата келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жұмыс бағыттарының алдын ала тізбесін келісу және жұмыс топтарын қалыптастыру үшін аумақтық нотариаттық палаталарға жолдайды.
Келесі аптаның өзінде жұмыс топтарының алдын ала құрамы айқындалып, тиісті бағыттар бойынша нақты жұмыс басталады деп күтілуде.
Алдағы бірлескен жұмыстың басты мақсаты — азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша нотариаттық қоғамдастықтың бірыңғай, кәсіби тұрғыдан негізделген ұстанымын қалыптастыру және Қазақстан нотариатының алдағы жылдардағы дамуының стратегиялық бағдарларын айқындау.

Жаңалықтарға оралу