Қазақстанның жекеше нотариатының 30 жылдығы қарсаңында Республикалық нотариаттық палата Нотариатты дамытудың 2028-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге бастамашы болды.
Бұл мәселе 2026 жылғы 10 қарашада Олег Полумордвиновтың төрағалығымен аумақтық нотариаттық палаталар өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс онлайн-кеңесінде талқыланды.
РНП төрағасы атап өткендей, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу мен Нотариатты дамыту тұжырымдамасын дайындау – дербес, бірақ өзара байланысты екі бағыт.
Жаңа Азаматтық кодекс нотариус қызмет ететін азаматтық айналымды құқықтық реттеуді айқындауға тиіс болса, Тұжырымдама нотариат институтының болашағы туралы тұтас көзқарас қалыптастыруға бағытталады.
Бұл нотариаттың функцияларын, өкілеттіктерін, азаматтық құқықтарды қорғау жүйесіндегі орнын айқындауды, сондай-ақ нотариаттық рәсімді, кәсіби өзін-өзі басқаруды, білім беру мен жауапкершілік жүйесін жетілдіруді қамтиды.
Нотариаттық қызметтің құқықтық табиғаты мен нотариаттық актінің заңдық күшіне ерекше назар аудару ұсынылды.
Нотариаттық рәсімнің дербес құқықтық маңызы қандай болуы керек, нотариаттық әрекеттерді жасау тәртібі бұзылған жағдайда қандай салдар туындауы мүмкін және соттардың, әділет органдары мен кәсіби өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктері қалай ажыратылуы қажет деген мәселелер қарастырылмақ.
Тағы бір маңызды бағыт нотариаттың институционалдық құрылымын жетілдіру болмақ. Оның аясында Республикалық және аумақтық нотариаттық палаталардың өзара іс-қимылы, нотариустардың кәсіби қоғамдастықты басқаруға қатысуы, қаржыландыру және кәсіби қорғау мәселелері қаралады.
Кәсіпке кіру жүйесі, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру, тәлімгерлік, кәсіби әдеп және нотариаттық қызмет стандарттары да жеке зерделеуді талап етеді.
Перспективалы бағыттар қатарында нотариаттық өкілеттіктерді кеңейту, электрондық құжаттармен және цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу, ақпараттық жүйелерді дамыту және заманауи технологияларды енгізу мәселелері де белгіленді.
Талқылау барысында нотариат туралы заңнаманы кешенді түрде қайта қарау қажеттігі де көтерілді. Қолданыстағы заң өзге жағдайларда қалыптасып, жылдар бойы оған бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Осыған байланысты нотариаттық қызметтің қазіргі міндеттеріне сай келетін жаңа заңды дайындау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Тұжырымдаманы әзірлеудің негізгі қағидаттарының бірі практикалық қызметпен айналысатын нотариустардың кеңінен қатысуы.
Құжатты мамандардың шағын тобының шеңберінде ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі нотариустардың, заң ғылымы өкілдерінің және өзге де сарапшылардың қатысуымен өтетін кәсіби талқылау негізінде қалыптастыру көзделеді.
Тұжырымдаманы дайындау кезең-кезеңімен жүргізіліп, бұл жұмыс 2027 жылы да жалғасады. Алғашқы мазмұнды ұсыныстарды биылғы желтоқсан айында өтетін Республикалық нотариустар конференциясында талқылау жоспарланып отыр.
11.11.2026
Қазақстан нотариаты қандай болуы керек: кәсіби қоғамдастық 2028-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын әзірлеуге кіріседі
РНП · Жаңалықтар
