Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
11.11.2026

Қазақстан нотариустары Азаматтық кодекске қандай өзгерістер енгізуді қарастыруды ұсынады?

РНП · Жаңалықтар
Қазақстан нотариустары Азаматтық кодекске қандай өзгерістер енгізуді қарастыруды ұсынады?

Мәмілелердің міндетті нотариаттық нысанын кеңейту, мұрагерлік заңнаманы жетілдіру, өкілдік қатынастарын реттеу және азаматтық айналымдағы құқықтық айқындықты қамтамасыз ету – осы және өзге де мәселелер 2026 жылғы 10 қарашада өткен Республикалық нотариаттық палатаның жұмыс кеңесінде талқыланды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу міндетін қойды. Республикалық нотариаттық палата оны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына енгізіліп, нотариаттық қоғамдастықтың ұсыныстарын жүйелі түрде дайындау жұмысын ұйымдастыруға кірісуде.
РНП төрағасы Олег Полумордвинов атап өткендей, нотариустар азаматтық заңнаманы күнделікті қызметінде қолданады, құқықтық нормаларды түсіндіру мәселелерімен бетпе-бет келеді және жекелеген заңнамалық шешімдердің салдарын тікелей көреді. Сондықтан жаңа Кодексті дайындау кезінде олардың практикалық тәжірибесі ескерілуге тиіс.
РНП төрағасы көтерген мәселелердің бірі – мәмілелердің жекелеген санаттары үшін міндетті нотариаттық нысанды кеңейту. Бұл, ең алдымен, жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға байланысты мәмілелер мен жеке тұлғалар арасындағы қарыз шарттарына қатысты.
Бұл ретте мәселе нотариустардың өкілеттіктерін кеңейтумен ғана шектелмейді. Негізгісі құқықтық нәтижеге азаматтық айналымға қатысушылардың қорғалу деңгейін арттыруға, мәмілелерге дау айту тәуекелдерін азайтуға және заңдық маңызы бар мән-жайлардың анықтығын қамтамасыз етуге беріледі.
Қатысушылар мұрагерлік құқық мәселелеріне елеулі назар аударды. Атап айтқанда, мұрагерліктен шығып қалған мұрагерлердің құқықтық жағдайы, жер учаскелері мен шаруа немесе фермер қожалықтарының мүлкін мұраға қалдыру ерекшеліктері, сондай-ақ цифрлық активтерді мұраға қалдыру мәселелері талқыланды.
Жекелеген ұсыныстар сенімхаттар мен өкілдікке, жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді құқықтық реттеуге, жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлестерді айқындауға, ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарына және корпоративтік мәмілелерге қатысты болды.
Нотариаттық қоғамдастық өкілдері дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерді құқық белгілейтін құжаттар ретінде қолдану, рента шарттарын реттеуді жетілдіру және маңызсыз мәмілелер туралы ережелерді қолданудағы айқынсыздықты жою мәселелерін де қарастыруды ұсынды.
Кеңес барысында нақты құқықтық тетіктер мен заңнамалық нормалардың жобаларын дайындау қажеттігі атап өтілді. Бұл үшін нотариаттық және сот практикасының қорытылған материалдарын, қолданыстағы заңнаманы талдау нәтижелерін және ғылыми зерттеулерді пайдалану көзделеді.
Жұмыстың тақырыптық бағыттары алдын ала айқындалды. Аумақтық нотариаттық палаталар осы бағыттар бойынша ұсыныстарды бірлесіп дайындауға әзір екендерін білдірді.
Жұмыс топтарының құрамы келісілгеннен кейін нотариустар белгіленген мәселелерді егжей-тегжейлі зерделеуге кіріседі.
Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелерін 2026 жылғы 14 желтоқсанда Астанада өткізу жоспарланған Республикалық нотариустар конференциясында кәсіби талқылауға ұсыну көзделіп отыр.

Жаңалықтарға оралу