10 желтоқсанда Халықаралық Адам құқықтары күні аясында БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасымен, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Бас прокуратура, Сыртқы істер министрлігімен және Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі ұйымдастырған «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғау: сын-тегеуріндер мен перспективалар» ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Оның жұмысына Республикалық нотариаттық палатаның атынан оның төрайымы Әсел Жанәбілова мен атқарушы директоры Гүлнара Рыспекова қатысты.
Конференцияға қатысушылар азаматтық бостандықтарды қорғауға, сот төрелігіне қолжетімділікті жақсартуға, мемлекеттік органдар жұмысында ашықтықты қамтамасыз етуге және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған Мемлекет басшысы 2023 жылы бекіткен адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарды орындаудың негізгі кезеңдерін қарастырды. Сондай-ақ, құқықтық мәдениетті дамытуды қоса алғанда, адам құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция аясында «Кемсітушілікке қарсы іс-қимыл», «Азаптау мен қатыгездіктің алдын алу», «Әйелдердің жазасын өтеу, жабық мекемелердегі жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Қылмыстық әділет және әлеуметтік саласының жабық мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету» және «Қылмыстық сот төрелігі саласындағы халықаралық стандарттарды имплементациялау» сияқты бірнеше тақырыптық секциялар жұмыс істеді.
Халықаралық адам құқықтары күнін мерекелеу аясында азаматтардың құқықтарын қорғауға сүбелі үлес қосқан қайраткерлерді, азаматтық қоғамның белсенді өкілдерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ, құқық қорғау институтын дамытудағы маңызды рөлі үшін РНП атқарушы директоры Гүлнара Рыспекова алғыс хатпен марапатталды.