24 қаңтарда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық Банктің, Әділет министрлігінің және Республикалық нотариаттық палатаның қатысуымен екінші деңгейдегі банктердің өкілдерімен бірлескен онлайн кеңес өтті.
Кеңес екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы нотариаттық қызметтерге ақы төлеу кезінде екінші деңгейдегі банктер алатын комиссияларды қайта қарау туралы мәселені талқылау шеңберінде ұйымдастырылды.
Өткен жылы нотариаттық қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша «Цифрлық нотариат» пилоттық жобасы іске қосылды, осыған байланысты нотариустар онлайн сенімхаттарды куәландырады, олар бойынша төлемді банктердің қосымшалары арқылы ғана қабылдауға болады. Кейіннен онлайн форматқа басқа да нотариаттық іс-әрекеттер өтуі мүмкін. Мұндай нотариаттық іс-әрекеттерді жасағаны үшін төлемді нотариус банктердің қосымшалары арқылы ғана қабылдай алады. Қазіргі уақытта бұл нотариустар үшін экономикалық жағынан тиімсіз.
Өз кезегінде нотариустар қызмет аясында жеке шоттарды пайдалануға құқығы жоқ, өйткені мобильді аударымдар жеке тұлғалар арасында жеке мақсаттарда пайдалану үшін жүзеге асырылады. Қолма – қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңның нормалары төлемнің әртүрлі тәсілдерін банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты РНП уәкілетті органдарға, қаржы ұйымдарына нотариустар үшін осы қосымшалардың шарттарын қайта қарауды, әрбір төлем үшін комиссияны алып тастауды немесе осындай шотқа қызмет көрсету үшін жыл сайынғы төлемді ғана ала отырып, жеке қосымша құруды сұрап жүгінді. Бұл тақырыпты нотариаттық қоғамдастық 2023 жылы бастаған болатын. Алайда, бүгінгі күнге дейін мәселе өз шешімін таппады.
Осы сұрақты талқылау бойынша отырыс бірінші рет өтті. Кездесу барысында РНП төрағасы Әсел Жанәбілова, ҚНРДА қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентев, ӘМ Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Венера Калимова, ҰБ төлем жүйелері департаменті директорының орынбасары Жанар Малайсарова, сондай-ақ «Kaspi Bank» АҚ, «Халық банкі» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Банк Центр Кредит» АҚ өкілдері сөз сөйледі.