Қазақстан Республикасындағы нотариат мәртебесін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер - Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 258 «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығымен Нотариат күні жыл сайын 14 шілдеде атап өтілетін кәсіби мереке болып белгіленді.
Дәл осы күні 1997 жылы «Нотариат туралы» Заңға қол қойылды.
Қазақстан Республикасындағы нотариат – бұл нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт болып табылады. Нотариат құрылғаннан бері біздің мемлекетіміздің маңызды институттарының бірі болды және болып қала береді. Күн сайын нотариат институты жаңғыртылуда, ал нотариаттың табысты дамуының кепілі нотариаттық қоғамдастық мүшелерінің жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігі болып табылады.
Республика азаматтарының игілігі үшін 4 мыңнан астам нотариус жұмыс істейді, жылына 11 миллионнан астам нотариаттық іс-әрекеттер жасалады, оның ішінде жеңілдікті тарифтер бойынша 1,5 млн. нотариаттық іс-әрекет жасалады, 5 млрд. теңгеден астам сомаға мемлекеттік бюджет толықтырылады.
Бұйрық 2023 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.