Бүгін, 2023 жылғы 21 ақпанда Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жанәбілованың Түркия нотариустар одағының Басқарма мүшелерімен онлайн кездесуі өтті.
Кездесу барысында РНП төрайымы Әсел Жанәбілова 2023 жылғы 6 ақпанда елдің оңтүстік-шығысында орын алған үлкен жер сілкінісі салдарынан азап шеккен көптеген құрбандарға қатысты түркиялық әріптестеріне көңіл айтты: «Біз Түркияның оңтүстік-шығыс провинцияларындағы күшті жер сілкінісі салдарынан болған көптеген құрбандар туралы хабарды қатты қайғырып қабылдадық. Осы қиын сәтте Қазақстан нотариустарының атынан және жеке өзімнен қаза тапқандардың отбасыларына, сондай-ақ бүкіл бауырлас түрік халқына көңіл айтамын».
Төрайым сондай-ақ Қазақстанның нотариаттық қоғамдастығы табиғи апат салдарынан зардап шеккен Түркия нотариустарына қаржылай көмек көрсету мақсатында қаражат жинау ұйымдастырғанын атап өтті. Республикалық нотариаттық палата Түркия нотариаттық палатасының шотына 10 млн. теңге аударым жасады.
Өз кезегінде Түркия Республикасы нотариустар одағының төрайымы Эмине Чаглаян Әсел Жанәбілова мен Қазақстан нотариустарына көмек пен қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді.