Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
19.11.2026

РНП сотта нотариаттық құпияны және нотариустардың кәсіби құқықтарын қорғайды

РНП · Жаңалықтар
РНП сотта нотариаттық құпияны және нотариустардың кәсіби құқықтарын қорғайды

2026 жылдың басынан бері Республикалық нотариаттық палата 50-ден астам сот ісіне қатысты. Олардың қатарында нотариаттық мәліметтерді беру, азаматтардың өтініштерін қарау, сондай-ақ нотариустардың кәсіби құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты даулар бар.
Істің мәніне қарай Палата сотқа жауапкер, үшінші тұлға немесе мүдделі тұлға ретінде тартылады. РНП өкілдері талап қоюларға пікір дайындап, Палатаның құқықтық ұстанымын білдіреді және сот отырыстарына қатысады.
Істердің бір бөлігі адвокаттар мен заң консультанттарының сұрау салуларына байланысты туындаған. Олар Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйеден мәлімет беруден бас тартуға немесе сұрау салуларды қарау кезіндегі Палатаның әрекетіне не әрекетсіздігіне дау айтады.
РНП ұстанымы бойынша, кәсіби сұрау салу құқығы нотариаттық құпия мен азаматтардың дербес деректеріне шектеусіз қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Әрбір өтінішті қарау кезінде ақпаратты берудің құқықтық негізі, өтініш иесінің өкілеттігі және ұсынылуы мүмкін мәліметтердің көлемі анықталуға тиіс.
Мәселен, істердің бірінде сенімхаттың күшін жою туралы қосымша ақпарат беру мәселесі қаралды. Палата сенімхаттарды тексеруге арналған ашық сервистегі мәліметтер мен нотариаттық әрекеттердің ішкі электрондық тізіліміндегі деректердің айырмашылығына соттың назарын аударды. РНП ұстанымы бойынша, ішкі тізілімдегі қосымша ақпаратты алу үшін тиісті құқықтық негіз болуы қажет.
Қайтыс болған борышкерлердің мұрагерлері туралы сұрау салулар да жеке санатты құрайды. Кредиторлардың мүддесін білдіретін адвокаттар мұраны қабылдаған тұлғалар мен мұра құрамындағы мүлік туралы мәлімет сұратады. Алайда кредитордың өкілі болу өзге тұлғаларға борышкердің мұрагерлеріне қатысты қорғалатын ақпаратты алуға өздігінен құқық бермейді.
Тиісті негіздер болмаған жағдайда Палата мәлімет беруден бас тартып, оның себептерін түсіндіреді. Мұндай бас тарту сотта дауланған кезде РНП нотариаттық ақпаратқа қол жеткізудің белгіленген тәртібін сақтау қажеттігін негіздейді.
Палатаның соттағы жұмысы ақпарат беруге қатысты даулармен шектелмейді. РНП нотариустардың тәуелсіздігіне, олардың әрекеттеріне берілген шағымдарды қарау тәртібіне және кәсіби қызметін шектейтін шаралардың заңдылығына қатысты істерге де қатысады.
Мәселен, нотариус лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы бұйрыққа дау айтылған істе Палата нотариустың талабын қолдады. Сотқа ұсынылған пікірде РНП мемлекеттік бақылау рәсімінің сақталуына, нотариустың өз қарсылығын білдіру мүмкіндігіне және қолданылған шараның мөлшерлестігіне назар аударды. Сондай-ақ бұзушылық салдарының жойылғанын және өтініш берушінің құқықтары қалпына келтірілгенін ескеру қажеттігін көрсетті. Бұл уәждер Палатаның құқықтық ұстанымы ретінде ұсынылды және оларға сот баға береді.
Басқа істерде РНП өз құзыретінің шегін және нотариустың нотариаттық әрекеттер жасау кезіндегі дербестігін түсіндіреді. Палата нақты мұрагерлік істі жүргізуде нотариусты алмастырмайды және соттың орнына мүліктік дауды шеше алмайды. Кәсіби мүдделерді қорғау әрбір істің мән-жайын объективті бағалауды және шағымдарды тиісті рәсіммен қарауды көздейді.
Қазіргі сот жұмысының елеулі бөлігі мәслихат депутаттығына кандидаттар мен олардың жұбайларының декларацияларын тексеруге байланысты.
2026 жылғы 29 қарашада 238 мәслихатқа өтетін сайлауға дайындық аясында РНП Мемлекеттік кірістер комитетінің сұрау салуларын өңдеп, кандидаттар мен олардың жұбайларын қоса алғанда, шамамен 12 мың адамға қатысты мәлімет ұсынды.
Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік кірістер органдары пайдаланған мәліметтерге және сайлау комиссияларының шешімдеріне қатысты даулар туындады. Осы санаттағы істер бойынша Палата өкілдері 20-ға жуық сот отырысына қатысты. Істерді қарау жалғасып жатыр.
Істердің бірінде сот кандидаттың сайлау комиссиясының шешімін жою және тіркеуін қалпына келтіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты. Істі қарау барысында нотариат куәландырған қарыз шарты туралы мәліметтер, декларацияның мазмұны және берешектің өтелгені жөніндегі уәждер бағаланды. 
РНП сотқа өз құзыреті шегінде мәлімет беріп, олардың қалыптастырылу тәртібін түсіндіреді. Декларацияларды мемлекеттік кірістер органдары тексереді, кандидаттарды тіркеу жөніндегі шешімдерді сайлау комиссиялары қабылдайды, ал дауланған шешімдердің заңдылығына сот баға береді.
Сот істеріне қатысу арқылы Палата нотариаттық ақпаратты заңды пайдалану тәртібін және нотариустардың кәсіби құқықтарын қорғайды, бүкіл нотариат қауымдастығы үшін маңызды мәселелерді көтереді.

Жаңалықтарға оралу