2026 жылғы 26 қарашада Қарағанды облыстық сотында «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Облыстық соттың Оқу орталығы ұйымдастырған іс-шараға Республикалық нотариаттық палата атынан атқарушы директор Гүлнара Рыспекова қатысты.
Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ғалым Күлекеев дөңгелек үстелді ашып, мұрагерлік туралы заңнаманы біркелкі қолданудың құқықтық айқындықты қамтамасыз ету және азаматтардың заңды мүдделерін қорғау үшін маңызды екенін атап өтті. Ол судьялар мен заң саласының мамандары арасында тәжірибе алмасудың маңызына да тоқталды.
Талқылауда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2026 жылғы 20 мамырдағы «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысын қолдануға баса назар аударылды. Судьялар мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру, мұрагердің мұрагерлер қатарынан шығып қалуының құқықтық салдары, нотариаттық әрекеттерге шағымдану, мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тарту және атқарушылық жазба жасау мәселелері бойынша баяндама жасады.
Қарағанды қаласының жекеше нотариустары О. В. Захарова мен С. А. Курган мұрагерлік құқықтарды ресімдеу кезінде нотариаттық тәжірибеде туындайтын мәселелер жөнінде бірлескен баяндама жасады. Қатысушылар мұраны ресімдеу және мұрагерлік дауларды шешу кезінде соттар мен нотариустардың ортақ ұстанымын қажет ететін мәселелерді талқылады.
Дөңгелек үстелге Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьялары, аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, Қарағанды облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Д. Н. Байділдин, сондай-ақ департаменттің, облыстық нотариаттық палатаның, заң консультанттары палатасының және адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.
Кездесу қорытындысында қатысушылар мұрагерлік туралы заңнаманы қолданудың біркелкі тәжірибесін қалыптастыру және азаматтардың мұрагерлік құқықтарын қорғау үшін кәсіби тәжірибе алмасуды жалғастыру қажет екенін атап өтті.
27.11.2026
Республикалық нотариаттық палата мұрагерлік мәселелері жөніндегі дөңгелек үстелге қатысты
РНП
