Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
26.11.2026

Сенімхат рәсімдеу, оның күшін жою және даулау туралы не білу керек?

РНП
Сенімхат рәсімдеу, оның күшін жою және даулау туралы не білу керек?

Республикалық нотариаттық палата «Заңды білу – маңызды» айдарының жаңа шығарылымын сенімхат мәселесіне арнады. Бейнематериал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында әзірленді. Атырау қаласының нотариусы Лиза Лайкова пәтерге қатысты мысалдар арқылы сенімхаттың қандай өкілеттік беретінін және құжатқа қол қоймас бұрын нені ескеру керектігін түсіндіреді.
Сенімхат өкілге қандай құқық береді?
Сенімхат өкілге сіздің атыңыздан құжатта көрсетілген әрекеттерді жасауға құқық береді. Пәтерге сенімхат берген кезде меншік құқығы өзіңізде қалады. Ал өкілге пәтерді сатуға өкілеттік берсеңіз, ол сатып алу-сату шартына сіздің атыңыздан қол қоя алады.
Өкілеттікті өзіңіз белгілейсіз. Мысалы, өкілге тек құжат жинауды, анықтама алуды немесе тиісті мекемеге өтініш беруді тапсыра аласыз. Пәтерді сатуға рұқсат берсеңіз, сенімхатта оны қандай бағадан төмен сатуға болмайтынын да көрсетуге болады. Пәтерді сату мен сатудан түскен ақшаны алу – екі бөлек өкілеттік. Өкілдің ақшаны да алуына келіссеңіз, оны сенімхатта жеке көрсетіңіз.
Сенімхат қанша уақыт қолданылады?
Сенімхат үш жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Құжатта одан ұзақ мерзім көрсетілсе, сенімхат үш жыл бойы қолданылады. Мерзімі көрсетілмесе, ол берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды. Ал берілген күні жазылмаған сенімхаттың заңдық күші болмайды. 
Өкіл өзіне тапсырылған әрекеттерді өзі жасауға тиіс. Ол өкілеттігін басқа адамға сенімхатта осындай құқық берілсе немесе сенім білдірушінің мүддесін қорғау үшін мән-жайлар соған мәжбүр етсе ғана бере алады.
Сенімхаттың күшін қалай жоюға болады?
Сенімхат берген адам оның күшін кез келген уақытта жоя алады. Бұл үшін өкілдің келісімі талап етілмейді. Қағаз нұсқасын қайтарып алумен шектелмей, сенімхаттың күшін ресми түрде жойып, бұл туралы өкілге және сенімхат қай мекемеге не қай адамға ұсынылуы мүмкін екенін білсеңіз, соларға да хабарлау қажет. Сенімхат берген адам қайтыс болғанда да құжаттың күші тоқтайды.
Бұрын жасалған мәмілеге не болады?
Сенімхаттың күшін жою бұрын жасалған сатып алу-сату шартын өздігінен жарамсыз етпейді. Сенімхаттың мерзімі өтіп кетсе де, заңда көзделген негіздер болса, оны сотта даулауға болады. «Құжатқа қол қойғанда оның мәнін түсінбедім» деген сөзді дәлелдермен растау қажет. Өкілмен арадағы келіспеушіліктің өзі сенімхатты жарамсыз деп тануға негіз болмайды.
Сенімхат жарамсыз деп танылған жағдайда мүлікті қайтару үшін сол сенімхат бойынша жасалған мәмілені де сотта даулау қажет болуы мүмкін.
Лиза Лайкова сенімхатқа қол қоймас бұрын әр тармағын оқып, өкілге нақты қандай әрекеттерді жасауға құқық беріп отырғаныңызды анықтап алуға кеңес береді. Түсініксіз тұстарын нотариустан сұрап, әр өкілеттіктің салдарын алдын ала біліп алған жөн.

Жаңалықтарға оралу