2026 жылғы 18 қарашада Алматы қаласының нотариус-медиаторы Роза Каландарова Республикалық нотариаттық палата атынан халықаралық вебинарға қатысып, баяндама жасады. Іс-шара ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде мұраны қорғау және басқару шараларына, сондай-ақ банк сейфіндегі мүлікке мұрагерлік құқықтарды рәсімдеу ерекшеліктеріне арналды.
Беларусь нотариаттық палатасының төрайымы Елена Гринкевич құттықтау сөз сөйледі. Вебинар бағдарламасына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей нотариаттарының өкілдері қатысты. Баяндамалардан кейін практикалық жағдайлар талқыланып, сұрақтарға жауап берілді.
Роза Каландарова мұрагерлік құқықтар рәсімделіп жатқан кезеңде мұра құрамындағы мүлікті сақтауға бағытталған Қазақстанның нотариаттық тәжірибесін таныстырды. Баяндамада мүліктің жоғалуына, бүлінуіне немесе заңсыз иемденілуіне жол бермеу, сондай-ақ тұрақты басқаруды қажет ететін активтердің сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қамтылды.
Кәмелетке толмаған және әрекетке қабілетсіз мұрагерлердің мүдделерін қорғауға, өсиетті орындаушының өкілеттіктеріне және мұраны сенімгерлікпен басқарушыны тағайындауға ерекше назар аударылды. Баяндамашы мұра қалдырушының мүліктік құқықтары мен міндеттерін анықтау және кредиторлармен өзара іс-қимыл мәселелеріне де тоқталды.
Баяндаманың жеке бөлімі банк сейфтері мен ұяшықтарындағы мүлікке арналды. Роза Каландарова құндылықтарды банкте сақтау мен жеке сейфті жалға алудың айырмашылықтарын, банк құпиясын сақтай отырып қажетті мәліметтерді алу, құжаттарды рәсімдеу және сейф ішіндегі мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды.
Презентацияда нотариус, банк және мұрагерлер арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық тұстары көрсетілді. Атап айтқанда, тиісті шарттардың бар-жоғын анықтау, мұраның құрамын белгілеу, мүлікке тізімдеме жасау және мұрагерлік құқықтарды рәсімдеу мәселелері қозғалды.
Вебинар Қазақстан тәжірибесін таныстыруға және мұрагерлік мәселелерді шешудегі әртүрлі мемлекеттердің тәсілдерін салыстыруға мүмкіндік берді. Мұндай кәсіби тәжірибе алмасу мұраның сақталуын қамтамасыз етуге және мұрагерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған нотариаттық практиканы жетілдіруге ықпал етеді.
18.11.2026
Алматы нотариусы халықаралық вебинарда мұраны қорғау жөніндегі Қазақстан тәжірибесін таныстырды
Алматы қаласының нотариаттық палатасы
