2026 жылғы 15-17 маусым аралығында Республикалық нотариаттық палата «Нотариаттық қызметтегі теория мен практиканың арақатынасының өзекті мәселелері» тақырыбында нотариустардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырды.
Бағдарлама нотариустардың кәсіби қызметіне қатысты өзекті мәселелерден тұрды. Атап айтқанда нотариатты цифрландыру, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заңнама сұрақтары, мұрагерлік құқық, жер қатынастары, сондай-ақ кәсіби дағдыларды дамыту мен азаматтармен тиімді қарым-қатынас жасау мәселелерін қамтыды.
Оқудың бірінші күні жоғары санатты психолог Анна Поздееваның қатысуымен іскерлік қарым-қатынастағы күйзеліске төзімділік мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар Алматы қаласының нотариусы Асель Баубекованың «Нотариустың цифрлық кеңсесі: клиенттер ағынын қалай реттеуге, шамадан тыс жүктемеден арылуға және процестерді басқаруға болады» тақырыбындағы дәрісі тыңдалды.
Екінші күні тыңдаушылар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын талқылады. Осы тақырып бойынша Семей қаласының нотариусы Гаухар Қапанова дәріс оқыды. Сондай-ақ қатысушылар Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясына құжат қабылдау тәртібімен танысты. Аталған семинарды Академияның азаматтық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Руслан Сұлтанов өткізді. Бағдарлама аясында заң ғылымдарының магистрі, Алматы қаласының нотариусы Алтынай Макешева нотариаттық тәжірибедегі цифрлық активтер мәселелеріне тоқталды.
Қорытынды күні нотариустер мұрагерлік құқықтың өзекті мәселелерін талқылады. Өскемен қаласының нотариусы Ирина Перевалова заң бойынша мұрагерліктің түрлері, мұрагерлік трансмиссия және мұрагерлік құқық мирасқорлығы мәселелері бойынша дәріс оқыды. Сонымен қатар Жоғары Сот Кеңесінің судья лауазымына орналасу үшін біліктілік емтиханын тапсыру тәртібіне арналған семинары өтті. Бағдарламаны Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының нотариусы Виктор Хоменконың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер пайдалану құқығын иеліктен шығару шарттарын куәландыру мәселелеріне арналған дәрісі қорытындылады.
Әрбір тақырып бойынша тыңдаушылар тестілеуден өтіп, дәріскерлермен «Сұрақ-жауап» форматында тәжірибелік мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.
Біліктілікті арттыру курстарын өткізу нотариустардың кәсіби білімін жетілдіруге, тәжірибе алмасуға және нотариаттық қызметтің өзекті мәселелері бойынша бірыңғай құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруға ықпал етеді.
