13 қарашада Астана қаласының нотариаттық палатасының негізінде «Нотариаттағы медиация» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Республикалық нотариаттық палата ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысын РНП төрайымы Әсел Жанәбілова ашты.
«Қазақстан Республикасындағы медиация институтын дамыту» тақырыбына отставкадағы судья, Сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының бас маманы Алмагүл Жаманова; «Нотариаттық қызметтегі медиация» тақырыбына з.ғ.к., доцент, профессор, медиатор-жаттықтырушы Мира Жасқайрат баяндама жасады.
Қазір нотариатта медиатордың сертификаттары 447 нотариуста бар, оның ішінде 129 нотариус кәсіби медиаторлар тізілімінде.
Бүгінгі таңда Қазақстанда нотариустар 1 471 дауды реттеу туралы келісім жасады.
2016 жылдан бастап 2024 жылдың қарашасына дейінгі аралықтағы мәліметтерге сүйенсек, нотариалды куәландырылған келісімдердің саны салыстырмалы түрде төмен болды деп қорытынды жасауға болады. Бұндай статистикаға әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін, соның ішінде халықтың хабардарлығының төмен деңгейі.
Аталмыш статистика елдегі медиативтік процестердің толық спектрін қамтымайды, тек нотариалды куәландырылған келісімдердің санын қамтиды.
Нотариус-медиаторлардың кәсіби деңгейін арттыруға және медиация практикасын қоғамда кеңінен енгізуге және оның табысты жұмыс істеуіне осы іспеттес конференциялар, дөңгелек үстелдер, білім беру бағдарламалары ықпал етеді.