Бүгін, 2024 жылғы 17 қазанда Астанада Жоғарғы Сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің отырысы өтті. Онда «Жоғарғы Соттың 2009 жылғы 29 маусымдағы №5 «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жоба қаралды.
Отырыс жұмысына Республикалық нотариаттық палатаның атынан атқарушы директор Гүлнар Рыспекова қатысты. Өз сөзінде РНП атқарушы директоры нотариустармен мұрагерлік заңнаманы дұрыс қолдануының маңыздылығын атап өтті. Өйткені нотариустар күн сайын ҚР Конституциясының 26-бабының 2-бөлігінде кепілдік берілген мұрагерлік құқықтарға байланысты нотариаттық іс-әрекеттерді жүзеге асырады.
Гүлнәр Рыспекованың хабарлауынша, Республикалық нотариаттық палатаның нормативтік қаулы жобасына жасалған ұсыныстар мен ескертулер аумақтық нотариаттық палаталардың ұстанымдарын ескере отырып, Жоғарғы сотқа жолданды.
Жоғарғы сот олардың бір бөлігін ескеріп, қабылдады.
Сонымен бірге, Атқарушы директор кеңес отырысы барысында нормативтік қаулы жобасының ұсынылған редакциясында көрсетілмеген нотариаттық қоғамдастықтың мәселелерін қайта көтерді.
Отырысқа қатысушылар мұрагердің нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтініш беру тәсілдерін регламенттеу, міндетті үлесті мұра ету, мұраға сенімгерлік басқарушыны тағайындау, мұрагерлік туралы даулар бойынша нотариустардың іс жүргізу жағдайына қатысты РНП ұсыныстарын қарады.
Нормативтік қаулының пысықталған жобасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының сайтында талқылау үшін жүктелетін болады.
Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріповтың айтуынша, нормативтік қаулыны қабылдау осы жылдың қараша айында жоспарланып отыр.