Қазақстанға Германия Федералдық нотариаттық палата өкілдерінің делегациясы келді. Германия Федералдық нотариаттық палатаның халықаралық істер жөніндегі бас өкілі, сот кеңесшісі, құрметті нотариус Ричард Бок бастаған шетелдік делегацияны Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Әсел Жанәбілова мен Астана қаласының нотариусы Санжар Кенжеғали қарсы алды.
Республикалық нотариаттық палатаның кеңсесінде тараптар екі елдің құқық қолдану практикасын талқылады және нотариаттық қызметте цифрлық технологияларды пайдалану тәжірибесімен алмасты, сонымен қатар нотариат саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы сұрақтарды қарастырды.
РНП Төрайымы Қазақстан Республикасының мысалында нотариатты цифрландыру туралы айтып берді. Нотариаттың өкілеттігін кеңейтетін және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді құралы ретіндегі оның рөлін нығайтатын заңнамадағы өзекті новеллаларға егжей-тегжейлі тоқталды.
Шетелдік әріптестер үшін қазақстандық нотариустардың кәсіби қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктерін Санжар Кенжеғали БНАЖ-дағы жеке кабинетінің негізінде тізілімдерге қолжетімділік қалай жүзеге асырылатынын, мемлекеттік органдар мен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен электрондық өзара іс-қимыл шеңберінде нотариат жүйесі қалай жұмыс істейтінін көрсетті.
Германияның ФНП вице-президенті Ричард Бок мырзамен алғашқы байланыс Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) қызметі аясында орнатылғанын атап өткен жөн. Бұл халықаралық заң ұйымы 1992 жылы ГФР Әділет министрі Клаус Кинкельдің бастамасымен құрылды. Коммерциялық емес ұйым болып табылады. Басқа елдерде Конституциялық құрылымдар құрумен және құқықтық және сот жүйелерін өзгертумен айналысады.
2018 жылы РНП мен Германия ФНП арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Аталған келісім аясында тәжірибе алмасу мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, Қазақстанда нотариустардың кәсіби этикасы, құжаттарды трансшекаралық тану, халықаралық мұрагерлік құқық, нотариустың депозиттік шотын пайдалану мәселелері бойынша семинарлар өтті. Аталған семинарларға 200-ден астам нотариус қатысты. Екіжақты ынтымақтастық пандемия жылдарында да сәтті өтті. Онлайн өткізілген 2-ші неміс-қазақстандық семинарда Қазақстан мен Германия нотариаттарының жетістіктері талқыланды.