4 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот реформасы комитетінің отырысы өтті, онда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру, адвокаттық-құқықтық көмек көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңының жобасы қаралды.
Жобада атап айтқанда келесі өзгерістер қарастырылды:
- "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына адвокаттардың құқықтарын кеңейтуге қатысты; "барлық мемлекеттiк органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен заңды тұлғалардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан (оның ішінде дара кәсіпкерлерден, жекеше нотариустардан, жеке сот орындаушыларынан) адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға қажеттi мәліметтер мен құжаттарды сұратуға және алуға";
- "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 668-бабы: «Адвокаттың не адвокаттар алқасының, заң консультациясының, адвокаттық кеңсенiң, заң консультантының, заң консультанттары палатасының заңды қызметiн жүзеге асыруына жазбаша сұрау салу бойынша қажеттi құжаттарды, олардың кәсiптiк мiндеттерiн жүзеге асыру үшiн талап етілетін материалдарды немесе мәлiметтердi заңнамада белгiленген мерзiмдерде ұсынбаудан не ұсынудан бас тартудан не ақпаратты толық көлемде ұсынбаудан немесе көрінеу анық емес ақпарат ұсынудан не адвокаттық сұрау салуды қабылдаудан көрiнген кедергi келтіру, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса, –
лауазымды адамдарға – он бес, жеке тұлғаларға (оның ішінде жекеше нотариустар мен жеке сот орындаушыларына) - он, лауазымды адамдарға - он бес, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді», - деген редакция ұсынылды.
Отырыс барысында Әсел Жанәбілова нотариустардың адвокаттарға мәліметтер беру мәселелерінде нотариаттық қоғамдастықтың ұстанымын білдіріп, нотариустарға қатысты осы түзетулерді алып тастау үшін тиісті дәлелдер келтірді.