Әділет министрлігі «Нотариаттық куәліктердің, қаулылардың, нотариустар куәландырған құжаттардағы және мәмілелердегі куәландыру жазбаларының нысанын бекіту туралы», «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйені пайдалану қағидаларын бекіту туралы», «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» бұйрықтарға түзетулер жобаларын әзірледі.
Түзетулердің бір бөлігі атқарушылық жазба жасауға қатысты. Атап айтқанда, қарсылықты қолдың түпнұсқалығын нотариаттық куәландырмай ұсыну, сондай-ақ қарсылықты нотариустың электрондық поштасына жіберу іспеттес толықтырулар мен өзгертулер жайлы.
Бұдан басқа, нотариус аумақтық нотариаттық палатаның мүшелігінен шыққан немесе шығарылған жағдайда, оның лицензиясының қолданылуын тоқтату, тоқтата тұру жағдайында БНАЖ-ға қолжетімділікті тоқтату, сондай-ақ мүшелік жарналарды қатарынан екі айдан артық төлемеу үшін негіздер көзделген.
Бірқатар жобаланған өзгерістер өсиеттің күшін жою процедурасын нақтылауға, бұрын жасалған өсиетке өзгеріс енгізуге және т. б. бағытталған.
Қоғамдық талқылаулар 2023 жылдың 04 мамырына дейін жалғасады.