Әділет министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Цифрлық нотариат» жаңа жобасының тұсауын кесті.
«Цифрлық нотариат» жобасы кейбір нотариаттық сенімхаттарды электрондық түрде куәландыруды көздейді.
Жобаның бірінші кезеңінде БҚО, СҚО және Павлодар облысының нотариустары жұмылдырылды. Бүгінгі таңда пилоттық жобаға барлық нотариустар тартылды.
Бұл жоба азаматтарға сенімхаттардың кейбір түрлерін онлайн режимінде рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Қызметті алу үшін:
- «eGov Mobile» қосымшасын жүктеп алыңыз,
- мобильді қосымшаға кіріңіз,
- ұсынылған қолжетімді қызметтерден «enotary» таңдаңыз,
- өз кабинетіңізге кіріп, әрекет түрін таңдаңыз (әзірге бұл тек сенімхат),
- өз деректеріңізді, сондай-ақ сенімхат берілетін адамның ЖСН енгізіңіз,
- телефон нөмірін көрсету қажет.
Кейін, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісіп, қызметке онлайн тапсырыс беріңіз. Жүйе өтінім нөмірін қалыптастырады және бейне қоңырауға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл қызметті өтініш берген сәтте қолы бос кез келген нотариус көрсете алады. Тұтастай алғанда, нотариус үшін қашықтықтан сенімхат жасау тәртібі стандартты рәсімнен айтарлықтай ерекшеленбейді. Нотариус бейне қоңырау барысында өтініш білдірген адамның ерік-жігерін анықтап, онлайн құжат қалыптастырады. Құжаттарды тексереді, ЖТ базасымен тексереді және сенімхаттың белгілі бір түріне өкілеттік береді. Сенімхат мәтінін клиентпен келіседі, белгіленген тариф бойынша төлемді kaspi pay арқылы қабылдайды. Құжатқа қол қояды және сақтайды. Құжат тізілімге енгізіледі. Клиенттің жеке кабинетіне электронды қолтаңбасы мен QR коды бар дайын электрондық құжат түседі.
Әзірлеушілердің пікірінше, сенімхаттарды нотариаттық куәландырудың жаңа қашықтық форматы шетелдегі азаматтар үшін, сондай-ақ олардың өмірлік маңызды, шұғыл мәселелерін шешу үшін ең қолайлы және сенімді нұсқа болады.
Осы күндері РНП жобаны іске асыру мақсатында нотариустарды белсенді оқытып жатыр.