2023 жылғы 9-10 наурызда республика нотариустары Орталық Азиядағы құқық үстемдігі жөніндегі бағдарлама шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі Еуропа Кеңесімен бірлесіп «Заңды тұлғалардың бенефициарлық меншігі және ашықтығы» тақырыбында ұйымдастырған оқыту іс-шарасына қатысты.
Іс-шараның мақсаты заңды тұлғалардың бенефициарлық меншік иелерін жедел анықтау және КЖ/ТҚҚ талаптарын сақтау саласында тиісті шаралар қабылдау бойынша қадағалаудағы қаржы мониторингі субъектілерінің мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады.
Тренинг барысында бенефициарлық меншіктің ашықтығы жөніндегі халықаралық стандарттар, атап айтқанда ФАТФ ұсынымдары, ЕО-ның КЖ/ТҚҚ жөніндегі директивасы және ӨСАБ стандарттары, сондай-ақ заңды тұлғалар мен заңдық құрылымдарды заңсыз пайдалану типологиялары, бенефициарлық меншік туралы ақпарат алу тетіктері мен көздері, заңды тұлғаларды заңсыз пайдалану белгілері және т. б. қаралды.
Оқыту вебинары аясында қатысушылар бенефициарлық меншік иелерін табысты сәйкестендіруге байланысты практикалық мысалдарды, сонымен қатар қаржы мониторингі субъектілері күрделі жағдайларға тап болған мысалдарды жан-жақты талдады.
2020 жылы іске қосылған Орталық Азиядағы құқық үстемдігі бағдарламасы төрт жыл ішінде Орталық Азияның бес елінің (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) билігімен тығыз үйлестіре отырып іске асырылуда.