Бүгін, 2022 жылғы 26 желтоқсанда Республикалық нотариаттық палатаның кеңсесінде Қазақстан нотариатының мерейтойын мерекелеу аясында «Қазақстан Республикасы нотариатына 25 жыл» пошта маркасының тұсаукесері өтті.
«Қазақстан Республикасы нотариатына 25 жыл» тақырыбындағы «Ұмытылмас және мерейтойлық даталар» сериясына арналған пошта маркалары айналымға енгізілді.
4 бояулы офсетті баспа, перфорациясы жоталы. Шығарылым түрі 10 маркадан тұратын парақ. Парақ өлшемі 156 x 95 мм. Маркасының өлшемі 26 x 37 мм. Номиналы 500 теңге. Таралымы 10 000 дана. Маркада ультракүлгін және лакпен бояу қорғаныс элементтері қолданылды. Суретші Г. Алтаева. Пошта маркалары «Непогодин А.Т. атындағы Бобруйск ірілендірілген баспаханасында» (Беларусь Республикасы) басылып шығарылды.
РНП Төрайымы Әсел Жанәбілова Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне марканы шығаруға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдіріп, «Қазақстан Республикасы нотариатына 25 жыл» пошта маркасының айналымға шығуы нотариат институтының қоғамдағы жоғары рөлін куәландыратынын атап өтті.
Аталмыш іс-шара барысында сонымен қатар журналист, «Заң газетінің» тілшісі Линара Сақтағанова нотариаттың қызметін БАҚ-та жан-жақты жариялағаны үшін дипломмен марапатталды және ақшалай сыйақы ұсынылды.