Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
30.10.2026

РНП өңірлермен жаңа Азаматтық кодекске ұсыныстарды талқылайды

РНП · Жаңалықтар

2026 жылғы 10 қарашада сағат 14:00-де Республикалық нотариаттық палата аумақтық нотариаттық палаталардың өкілдерімен азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша онлайн кеңес өткізеді. Талқылау Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында белгіленген міндеттерге және жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуге арналады.
Кеңеске аумақтық палаталардың төрағалары және сараптамалық әрі заң шығару жұмысына қатысуға ниетті өңір нотариустары қатысады.
Нотариустар мәмілелерді, мұрагерлік құқықтарды ресімдеу және өзге де заңдық маңызы бар әрекеттерді жасау кезінде азаматтық заңнаманы күнделікті қолданады. Олардың практикалық тәжірибесі әртүрлі түсіндіруге жол беретін нормаларды, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа Кодексті әзірлеу барысында осы мәселелерді ескеру маңызды.
Қатысушылар өңірлік тәжірибені, азаматтық қатынастардың дамуы мен цифрландыруды ескере отырып, нотариат үшін басым мәселелер мен ұсыныстарды талқылайды.
Кеңес қорытындысы бойынша нотариаттық қоғамдастықтың ұсыныстарын жинау, талдау және жүйелеу үшін РНП жанынан жұмыс тобын құру жоспарлануда. Бұл жұмыстың мақсаты жаңа Азаматтық кодексті талқылауға нотариаттың белсенді қатысуын қамтамасыз ету және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған негізді ұсыныстар әзірлеу.

Жаңалықтарға оралу