Астанаға Елена Гринкевич бастаған Беларусь нотариаттық палатасының делегациясы келді. Сапар кәсіби тәжірибе алмасуға және Қазақстан нотариатында қолданылатын цифрлық шешімдермен танысуға арналған.
Делегация құрамына Минск облыстық нотариаттық округінің нотариусы Григорий Щирий, Беларусь нотариаттық палатасының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Денис Шафранович және ұйымдастыру жұмысы секторының меңгерушісі Ирина Радуцкая кірді.
Республикалық нотариаттық палатаның кеңсесінде Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа палаталардың төрағалары Олег Полумордвинов пен Елена Гринкевич қол қойды. Тараптар бұрыннан қалыптасқан екіжақты кәсіби қатынастарды құжат жүзінде бекітудің маңызын атап өтті.
Келісім бірлескен семинарлар өткізуді, нотариустарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыруды, құқықтық ақпарат алмасуды, халықаралық алаңдарда өзара іс-қимыл жасауды және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты көздейді.
Қонақтарды қарсы алған Олег Полумордвинов екі ел нотариатының алдында ұқсас міндеттер тұрғанын атап өтті. Атап айтсақ, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, нотариаттық қызметтердің сапасын арттыру және цифрлық трансформация жағдайында қоғамның нотариатқа деген сенімін нығайту.
«Нотариаттық қоғамдастықтарымыздың бір-бірінен үйренері көп екеніне сенімдімін. Беларусь әріптестерінің тәжірибесі біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. Біз де өз тарапымыздан қазақстандық тәжірибемен және әзірлемелермен бөлісуге дайынбыз», - деді РНП төрағасы.
Беларусь әріптестері Қазақстанның нотариаттық цифрлық жүйесінің жұмысына, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияға ерекше қызығушылық танытты.
Сондай-ақ қонақтарды Қазақстанда атқарушылық жазба жасау тәртібі, нотариаттық цифрлық жүйенің жеке сот орындаушыларының ақпараттық жүйесімен өзара іс-қимылы және борышкерлер мен кредиторлардың құқықтарын қорғау тетіктері қызықтырды.
Делегация цифрландырудың практикалық қолданысымен Астана қаласының нотариусы Айнур Мади-Амирдің кеңсесінде танысты. Ол Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйенің мүмкіндіктерін және нотариаттық әрекеттерді онлайн жасау үшін азаматтардың өтініштерін қабылдау тәртібін көрсетті.
Сапар бағдарламасы жалғасуда. Келесі күні Елена Гринкевичтің қатысуымен Олег Полумордвиновтың «Смотрящий на право» авторлық подкастының бірлескен шығарылымын жазу жоспарланған.
22.10.2026
Қазақстан мен Беларусь нотариат саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
РНП
