
Ақтаудағы жекеше нотариус Майя Сағынқызы Сарсенова үшін сенім күнделікті жұмысының өзегі. 2013 жылдан бері ол адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға атсалысып келеді. Бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдаған. Заңды білу, әділ болу, әр адамның жағдайына құрметпен қарау, оның кәсіби ұстанымы.
Нотариатқа келгенге дейін Майя Сағынқызы аудандық сотта хатшы, Жастар одағында нұсқаушы, қалалық әскери комиссариатта есепке алу жөніндегі инспектор болып жұмыс істеді. Кейін зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықта бас маман, жеке адвокаттың кеңсесінде заңгер болды. Әр қызметтің өз талабы, өз жауапкершілігі бар еді. Адамдармен жұмыс істеп, олардың өтінішін тыңдап, құжаттарына мұқият қарауды қажет ететін осы тәжірибе кейін нотариу қызметінде де кәдеге асты.
Нотариусқа келген адамның қолында құжат болғанымен, сол құжаттың ар жағында отбасының болашағы, жылдар бойы жинаған еңбегі, жақындарына деген қамқорлығы тұрады. Майя Сағынқызы өз қызметінің жауапкершілігін осылай түсінеді.
Майя Сағынқызы үшін қызметіне берілген бағаның ең қымбаты – адамдардың алғысы. Солардың ішінде ұлағатты ұстаз Мәрзия Қибасованың жылы лебізін ерекше ықыласпен еске алады.
«Қызметіме шынайы ризашылығын білдіріп, ақжарма алғысын айтқан жандар аз болған жоқ. Мәрзия Қибасова секілді ұлағатты ұстаздың еңбегімді бағалауы мен үшін үлкен құрмет әрі зор мәртебе», - дейді ол.
Ал жұмыстан тыс өмірінің ең қымбат бөлігі – отбасы. Жолдасы Ғафур Хамзеұлы Шаров екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген. Саналы ғұмырын сот жүйесіне арнаған жұбайының еңбекке адалдығы мен жауапкершілігі шаңырақтағы тәрбиеге де негіз болды.
Балаларына айтқан басты өсиеті қарапайым еді: адал еңбек ету, білімге ұмтылу, үлкенді сыйлау, қандай биікке көтерілсең де адамдық қалпыңды сақтау.
Тұңғышы Расул заңгерлік мамандықты таңдады. Бүгінде өзі де үш ұлдың әкесі. Сұлтан геофизика саласына бет бұрып, екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Қызы Тұмар Астанада психология мамандығы бойынша еңбек етеді.
Майя Сағынқызы әрқайсысының өз орнын тапқанына қуанады. Бірінің кәсіби жетістігі, екіншісінің шаңырағындағы береке, қызының адам жанын түсінуге ұмтылысы – ана үшін бәрі де қымбат.
«Мен үшін әр баланың өз биігі бар», - дейді ол.
Бүгінде алты немере әулеттің қуанышын еселей түскен. Балаларының өз отбасына жауапкершілікпен қарауы Майя Сағынқызына бір кездері берген тәрбиесінің жалғасып жатқанын сезіндіреді.
Ал кенжесі Ғұламаның жолы спортпен өрілді.
Ғұлама дзюдоға жеті жасында келді. Алғашқы қызығушылық біртіндеп күнделікті тәртіпке, кейін үлкен мақсатқа айналды.
Жаттығу. Шаршау. Қайтадан залға бару. Жарысқа дайындалу. Жеңіске қуану, жеңілістен сабақ алу. Осылайша жылдар өтті.
Анасы үшін бұл жолдың әр кезеңі маңызды. Өйткені баласының мінезі де сол еңбектің үстінде қалыптасты: қиындыққа төзу, бастаған ісінен бас тартпау, өзіне сену.
2025 жылдың қарашасында Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында он жеті жастағы Ғұлама Хамзе 66 келіге дейінгі салмақта сурдо-дзюдодан чемпион атанды. Ақтық белдесуде алжирлік Абдеррахман Бухидельді иппонмен жеңіп, алтын медаль иеленді.
Жеңіс тұғырында Қазақстанның көк туы көтерілген сәтте Майя Сағынқызының көз алдынан ұлының балалық шағы өтті. Сол биікке жеткізген жаттығулар, шаршаған күндер, қайта жігерленген кездер есіне түсті.
«Оның әр медаліне қараған сайын мен ең алдымен сол медальдің жарқырауын емес, оның артындағы маңдай терді көремін», - дейді анасы.
Бұл жеңіске жетуде ұлының жанынан табылған жаттықтырушысы мен тәлім берген ұстаздарының еңбегін де ол ерекше бағалайды.
Ғұлама Маңғыстау спортшылары арасында Сурдлимпиада ойындарында алтын алған тұңғыш спортшы болды. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай оған телефон шалып, жеңісімен құттықтады. Токиодағы жетістігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен де атап өтілді.
Бүгінде ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.
Токиодағы алтыннан кейін де жаттығу жалғасты. 2026 жылдың тамызында Оралда өткен Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасында Ғұлама өз салмағында тағы да жеңіске жетті. Қыркүйекте Швейцарияның Лозанна қаласындағы Ecole Mont-Olivet Deaf Judo Masters халықаралық турнирінде алтын жүлде алды.
Қазір ол Қазақ ұлттық спорт университетінің бірінші курсында грант негізінде білім алып жүр. Кәсіби спорт пен оқуды қатар алып келе жатқаны анасы үшін ерекше қуаныш. Отбасында білім алу мен ізденудің маңызы үнемі айтылып келген.
Майя Сағынқызы ұлының медальдарын мақтан тұтады. Бірақ оның ең үлкен қуанышы – баласының қиындыққа мойымай, өз жолын табуы.
«Оның әрбір жеңісі бізге бір ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдейді: адамның мүмкіндігін шектеу емес, оның мүмкіндігіне сену маңызды», - дейді нотариус.
Ұлына жеткен биігіне қарамастан, адамдық қалпынан айнымаса екен деген тілегі де бар. Елінің сенімін ақтап, еңбегіне адал болса екен.
Көпшілік Ғұламаны чемпион деп таниды. Майя Сағынқызы үшін ол - жүрегінің кенжесі. Бір кездері жеті жасында жаттығуға барған, көз алдында есейген аяулы ұлы.
Оның әр жеңісінде анасының да қуанышы бар. Ал Майя Сарсенованың өмірінде сенім осылай жалғасады: қызметінде – адамның құқығына құрметпен қараудан, отбасында – баласының мүмкіндігіне сенуден.
