Мәзір
Басты бет Қабылдауға жазылу Кіру
19.10.2026

Өңірлердегі нотариат: құқықтық көмек, тәжірибе алмасу және қоғамдық бастамалар

РНП
Өңірлердегі нотариат: құқықтық көмек, тәжірибе алмасу және қоғамдық бастамалар

Аумақтық нотариаттық палаталар нотариустардың құқықтық кеңес беру, оқыту, кәсіби мәселелерді талқылау және әлеуметтік жобаларға қатысуы туралы ақпарат ұсынды. Шолуға Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы және Абай облыстарындағы іс-шаралар енгізілді.
Қарағанды облысы: азаматтарға кеңес беру және құқықтық ағарту
Қарағанды облысының нотариустары Әділет департаменті әлеуметтік мекемелермен және заң қоғамдастығының өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырған іс-шараларға қатысты.
«Тегін заң көмегі» және «Юстиция консультирует» акциялары аясында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына келушілерге құқықтық кеңес берілді.
Нотариаттық палата атынан Қарағанды қаласының нотариустары Канагат Татиева мен Гульнара Дарбекова және Теміртау қаласының нотариусы Гульжазира Абдекова қатысты. Консультациялық кездесулердің бірінде Канагат Татиева 12 азаматқа көмек көрсетті.
№ 35 түзеу мекемесіндегі көшпелі құқықтық кеңес беруге Абай ауданының нотариусы Жанагуль Ержанова қатысты. Кездесуде мұраны ресімдеу, сенімхат беру және заң көмегін алу мәселелері түсіндірілді. Ал № 29 түзеу мекемесіндегі кездесуде палата атынан Шахтинск қаласының нотариусы Ардак Туранов қатысты.
Канагат Татиева «Жаңа FM» телеарнасы мен радиосының «Нотариат саласындағы цифрландыру» тақырыбындағы эфиріне де қатысты. Әңгіме барысында электрондық нотариаттық қызметтер, нотариаттық әрекеттер жасау кезінде цифрлық технологияларды қолдану және олардың нотариаттық көмектің қолжетімділігін арттырудағы маңызы талқыланды.
Облыс нотариустары үстел теннисі, волейбол және футбол бойынша спартакиадаға қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша нотариустар командасы волейболдан екінші, әйелдер арасындағы үстел теннисінен бірінші орын алды.
Солтүстік Қазақстан облысы: оқыту және тәжірибе алмасу
Солтүстік Қазақстан облысының нотариустарына арналған семинарларда нотариаттық практиканың өзекті мәселелері, заңнамадағы жаңа нормалар және күнделікті жұмыста туындайтын қиындықтар қаралды.
Еңбек өтілі бес жылдан аз нотариустар үшін жеке семинар ұйымдастырылды. Қатысушылар заңнаманы қолдану және нотариус жұмысының практикалық ерекшеліктерін талқылады. Мұндай кездесулер кәсіби қызметін бастаған әріптестерге тәжірибе алмасуға және дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жалпы кәсіби кездесу аясында нотариустар кәсіби жетістіктері мен нотариатты дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Ақтөбе облысы: медиация мүмкіндіктерін талқылау
«Нотариустар – медиаторлар» атты дөңгелек үстелде Қазақстандағы медиацияны дамыту, тараптарды татуластыру және қылмыстық істер бойынша медиацияны қолдану мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Ақтөбе облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Айжан Мырзаева, Анықтау басқармасының аға анықтаушысы Аманбек Турмаганбетов және Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының анықтау бастығы Бақыт Бактығали қатысты.
Кездесу нотариустар, медиаторлар және құқық қорғау органдары арасындағы кәсіби тәжірибе алмасу мен өзара іс-қимылды дамытуға бағытталды.
Абай облысы: нотариаттық практика және ұйымдастыру жұмысы
Абай облысы нотариаттық палатасының өкілдері облыстық сотта өткен, сот орындаушыларының ұсынуларын қарау жөніндегі сот практикасына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Талқылауға соттардың, Әділет департаментінің, мәжбүрлеп орындату органдарының, жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының және банктердің өкілдері қатысты.
Нотариаттық палата атынан төрағаның орынбасары Н. С. Балтыбекова және басқарма мүшесі К. Е. Бигазинов қатысты. К. Е. Бигазинов «Нотариустың атқарушылық жазбасы: құқықтық табиғаты мен маңызы» тақырыбындағы баяндамасында заңнамадағы өзгерістерді, атқарушылық жазбаларды жасау, олардың күшін жою және оларға дау айту практикасының мәселелерін қарастырды.
Палата басқармасының отырыстарында үміткерлердің тағылымдамадан өтуі, палата мүшелігіне қабылдау, архив құжаттары мен аяқталмаған мұрагерлік істерді беру мәселелері талқыланды. Кеңейтілген отырысқа Әділет департаментінің өкілі Ж. С. Сарсенбаева қатысты.
Сонымен қатар К. Е. Бигазинов ұсынған, «Нотариат туралы» заңның қабылданғанына 30 жыл толуына арналған «Сохраняя традиции, создавая будущее» жинағының жобасы қаралды.
Кәсіби міндеттерін үлгілі әрі адал атқарғаны үшін нотариустар Майгуль Кожахановна Исаханова мен Бакыт Жуандыковна Толеуханова Әділет департаментінің грамоталарымен марапатталды.
Жамбыл облысы: отбасыларға көмек және аға буынға қамқорлық
Нотариус Улдана Махамбеткуловна Бекиева «Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы ұйымдастырған «Құқықтық қорғалған отбасы» атты ашық есік күні акциясына Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының атынан қатысты.
Іс-шараға Әділет департаментінің, адвокатураның өкілдері, жеке сот орындаушылары және заң консультанттары қатысты. Азаматтарға құқықтық көмек көрсетіліп, отбасылық мәселелер бойынша түсіндірмелер берілді. Улдана Бекиева келушілерге нотариаттық қызмет мәселелері жөнінде кеңес берді.
Палата өкілдері қарттар үйіне де барып, тұрғындармен әңгімелесіп, сыйлықтар табыстады. Жамбыл облысының нотариаттық палатасы жанындағы Қор төрайымы Цветана Эдуардовна Иовова қарттарға денсаулық пен амандық тіледі.
Алматы облысы: спорт арқылы кәсіби байланысты нығайту
Алматы облысының нотариустары Әділет департаменті адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттары және ведомство қызметкерлері арасында ұйымдастырған спартакиадаға қатысты.
Әйелдер арасында волейболдан, ерлер арасында шағын футболдан және аралас командалар арасында үстел теннисінен жарыстар өтті. Іс-шара заң саласы мамандарының кәсіби байланысын нығайтып, ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік берді.

Жаңалықтарға оралу