2026 жылғы 20 мамырда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нотариат қызметі саласындағы Базалық ұйымының вебинары өтті. Іс-шара нотариаттың цифрлық трансформация жағдайындағы дамуы мен жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне арналды.
Вебинарға Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан нотариаттарының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының атынан Алматы қаласының нотариусы, құқық саласы бойынша PhD докторы Кулями Муртазина баяндама жасап, нотариаттық әрекеттер мен мемлекеттік қызметтердің арақатынасы, сондай-ақ электрондық нотариаттың одан әрі дамуы мәселелері бойынша қазақстандық нотариаттың ұстанымытуралы сөз сөйледі.
Вебинар жұмысы екі негізгі тақырыптық бағыт бойынша ұйымдастырылды. Бірінші бөлімде қатысушылар нотариаттық әрекеттердің құқықтық табиғатын, олардың мемлекеттік қызметтерден айырмашылығын, нотариустардың мүліктік жауапкершілігі мәселелерін, тарифтік реттеуді және ТМД елдеріндегі нотариат қызметін ұйымдастыру тәжірибесін талқылады.
Нотариатты цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар электрондық нотариат жүйелерін енгізу, қашықтан нотариаттық әрекеттер жасау, нотариаттық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау тәжірибесімен бөлісіп, нотариустар мен мемлекеттік органдар арасындағы электрондық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды.
Қазақстандық нотариаттың өкілі өз баяндамасында Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің жұмыс істеуі, нотариаттың мемлекеттік ақпараттық ресурстармен ықпалдасуы, eGov Mobile платформасы арқылы көрсетілетін электрондық сервистердің дамуы туралы айтып, консулдық нотариаттық әрекеттерді ұлттық ақпараттық жүйелерде есепке алу мәселелері сияқты құқықтық реттеуді жетілдіруді қажет ететін бірқатар бағыттарды атап өтті.
Вебинардың жеке бөлімі нотариат қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелеріне арналды. ТМД елдерінің нотариат өкілдері құжаттарды өңдеу, күнделікті процестерді автоматтандыру, құжат жобаларын дайындау, құқықтық талдау жүргізу және азаматтарға кеңес беру кезінде жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар қатысушылар жасанды интеллект тек көмекші құрал ретінде пайдаланылуы тиіс және тұлғаны сәйкестендіру, әрекет қабілеттілігін бағалау, мәміле тараптарының нақты еркін анықтау және заңдық маңызы бар шешімдер қабылдау кезінде нотариусты алмастыра алмайды деген ортақ пікірге келді.
Талқылау қорытындысы бойынша нотариаттық әрекет өзінің ерекше құқықтық табиғатын сақтайтыны және әкімшілік мағынадағы мемлекеттік қызмет ретінде қарастырылмайтыны атап өтілді. Нотариат азаматтардың құқықтарын қорғау мен құқықтық даулардың алдын алу жөніндегі маңызды превентивтік функциясын жалғастыруда. Ал цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект нотариустың тәуелсіз әрі білікті заңгер ретіндегі негізгі рөлін сақтай отырып, нотариат қызметінің тиімділігін арттыру құралы ретінде қолданылуы тиіс.
Вебинар барысында жасанды интеллектті қолдану, нотариаттық мұрағаттарды цифрландыру, консулдық нотариаттық әрекеттерді ұлттық ақпараттық жүйелерге енгізу және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша ТМД елдерінің нотариаттары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Қазақстан Республикасы өкілдерінің осындай халықаралық іс-шараларға қатысуы озық тәжірибемен алмасуға, шетелдік тәжірибені зерделеуге және цифрлық экономика жағдайында нотариат институтын дамытудың заманауи тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.
