2026 жылғы 16 маусымда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Әділет министрлері кеңесінің 2026 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспары аясында Армения Республикасының Әділет министрлігі мен Нотариаттық палатасы ұйымдастырған «Электрондық нотариат және нотариаттық қызметті цифрландыру» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Ереван қаласында бейнеконференция байланысы арқылы қашықтан қатысу мүмкіндігімен ұйымдастырылып, оған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әділет органдарының, нотариаттық палаталардың және кәсіби қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы атынан «Қазақстан Республикасында нотариаттық әрекеттерді қашықтан куәландырудың ерекшеліктері» тақырыбында Астана қаласының нотариусы, сондай-ақ Халықаралық нотариат одағының Азия істері жөніндегі Континенттік комиссияның вице-президенті Санжар Кенжеғали баяндама жасады.
Өз сөзінде спикер нотариат қызметіне цифрлық технологияларды енгізудегі Қазақстанның тәжірибесін таныстырып, жекелеген нотариаттық әрекеттерді қашықтан жасау тетіктері, Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің дамуы, сондай-ақ цифрлық ортада құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау шаралары туралы айтып өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар электрондық нотариаттың дамуының заманауи үрдістерін, нотариаттық қызметті цифрлық трансформациялау мәселелерін, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін, сондай-ақ цифрлық сервистерді нотариаттық практикаға одан әрі енгізу перспективаларын талқылады.
Қазақстан өкілдерінің осындай халықаралық іс-шараларға қатысуы кәсіби диалогты дамытуға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нотариаттық қоғамдастықтары арасында тәжірибе алмасуға және цифрландыру жағдайында нотариаттық қызметті одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
