Республикалық нотариаттық палата алаяқтық әрекеттердің алдын алудағы және азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғаудағы нотариустардың маңызды рөліне назар аударады.
Мүлікті заңсыз иемдену үшін түрлі схемаларды қолданатын алаяқтық топтар белсенділігінің артуы жағдайында нотариустар тәуекелдерді анықтау, сондай-ақ алдау, қысым жасау ықпалымен немесе жалған құжаттарды пайдалана отырып мәмілелер жасасуға жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдауда.
Егде жастағы азаматтар қатысатын жылжымайтын мүлік мәмілелеріне, сондай-ақ сенімхат бойынша мәмілелерді ресімдеу жағдайларына ерекше назар аударылады. Нотариустар ұсынылған құжаттарды мұқият тексереді, мәміле қатысушыларының нақты ерік-жігерін анықтайды, құқықтық салдарларды егжей-тегжейлі түсіндіреді және күмән туындаған жағдайда азаматтарды қорғау үшін қосымша шаралар қолданады.
Астана қаласының жекеше нотариусы Жанар Жұқанованың тәжірибесі нотариус жұмысының тиімділігіне жарқын мысал болды.
2026 жылдың сәуір айында нотариусқа 1956 жылы туған азаматша пәтерін нарықтық құнынан айтарлықтай төмен бағаға шұғыл сату ниетімен жүгінген. Әңгімелесу барысында нотариус күмән тудыратын жағдайларға назар аударып, әйелдің ұзақ уақыт бойы телефон алаяқтарының психологиялық қысымында болғанын анықтаған.
Нотариус нотариаттық әрекетті ресми түрде орындаумен ғана шектелмей, қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізген, азаматшаның қызымен байланысқан және құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынған. Дер кезінде жасалған әрекеттердің арқасында жылжымайтын мүлік пен ақшалай қаражаттың ықтимал жымқырылуының алдын алу мүмкін болды.
«Нотариустың міндеті мәмілені куәландыру ғана емес, сонымен қатар оның заңдылығын қамтамасыз ету, азаматтардың өз еркімен әрекет етіп отырғанын тексеру және олардың құқықтарының ықтимал бұзылуынан сақтандыру болады. Адамның шынайы ерік-жігеріне күмән туындаған немесе үшінші тұлғалар тарапынан ықпал ету белгілері байқалған жағдайда, нотариус кәсіби қырағылық танытып, қажетті шараларды қабылдауға міндетті», - деп, атап өтті нотариус Анель Сағымбекова.
Сондай-ақ нотариустар сенімхаттармен жұмыс істеу кезінде бақылауды күшейтеді. Басқа өңірлерде немесе Қазақстаннан тыс жерлерде берілген сенімхаттар ұсынылған кезде, олардың берілу фактісін растау үшін қосымша тексеру жүргізіледі.
Республикалық нотариаттық палатаға сенімхаттарды теріс пайдалану жағдайлары бойынша азаматтардан өтініштер түскен, онда меншік иесі жасалған әрекеттердің салдарын нақты түсінбестен жылжымайтын мүліктен айырылып қалған. Мұндай жағдайлар әрбір мәмілеге мұқият қарау қажеттілігін дәлелдейді.
Республикалық нотариаттық палата азаматтарға мүлікті шұғыл сату туралы кез келген ұсыныстарға мұқият қарауды, қысыммен шешім қабылдамауды және күмән туындаған жағдайда кәсіби құқықтық көмекке жүгінуді ұсынады.
Нотариустардың жұмысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың мүліктік құқықтарын қорғауға және қоғамның нотариат институтына деген сенімін нығайтуға бағытталған.
