2026 жылғы 4-5 маусымда Екатеринбург қаласында «Құқық пен технологиялардың синтезі: технологиялық көшбасшылыққа апарар жол» тақырыбында XIX Еуропа-Азия құқықтық конгресі өтті.
Конгресс 2007 жылдан бері өткізіліп келеді және жыл сайын ЕАЭО, БРИКС, ШЫҰ мемлекеттері мен өзге де елдердің жетекші ғалымдары мен тәжірибелі заңгерлерін бір алаңға жинайды.
Конгресс бағдарламасы аясында Свердлов облысының нотариаттық палатасы «Нотариат қызметіндегі ақпараттық технологиялар: тәуекел ме әлде қауіпсіздік пе?» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шара нотариаттың цифрлық трансформациясына қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін Ресей, Беларусь, Қазақстан және Испания нотариаттарының өкілдерін, ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар, банк секторы және заңгерлік кәсіп өкілдерін біріктірді. Дөңгелек үстел жұмысына Республикалық нотариаттық палатадан атқарушы директор Гүлнара Рыспекова мен IT-маман Елдос Сабырбеков қатысты.
Іс-шараны Свердлов облысының нотариаттық палатасының президенті Ирина Перевалова ашты. Ол нотариат қызметіндегі заманауи технологиялардың рөлі артып келе жатқанын және цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Отырыс барысында қатысушылар нотариаттың ақпараттық жүйелерінің цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, цифрлық активтерге құқықтарды ресімдеу кезіндегі нотариаттық әрекеттерді жетілдіру, сондай-ақ халықаралық электрондық өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын талқылады.
Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры Гүлнара Рыспекова «Қазақстанның электрондық нотариаты: цифрландырудың практикалық нәтижелері және жаңғырту сын-қатерлері» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ол нотариат қызметіне цифрлық технологияларды енгізу бойынша Қазақстанның тәжірибесін таныстырып, электрондық нотариаттың даму нәтижелері мен осы саладағы өзекті мәселелер туралы айтты. Сонымен қатар нотариаттың цифрлық инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртудың негізгі бағыттарын айқындап, Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің қабылдануы туралы айтты.
Баяндамада нотариаттағы ақпараттық технологиялардың нотариаттық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру құралы екеніне ерекше назар аударылды. Сонымен бірге оларды қолдану азаматтар мен заңды тұлғаларға көрсетілетін білікті заң көмегінің сапасына кері әсер етпеуі тиіс екені атап өтілді. Сондай-ақ цифрлық трансформация жағдайында нотариустардың кәсіби жауапкершілігін арттырудың және олардың біліктілігін тұрақты жетілдірудің маңыздылығы көрсетілді.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын әртүрлі мемлекеттердің нотариаттарының цифрлық сервистерін интеграциялау, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, нотариаттық құпияны сақтау, дербес деректерді қорғау, сондай-ақ цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сенімді қорғау мәселелері тудырды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ақпараттық технологиялардың дамуы мен қоғамдық қатынастарды цифрландыру нотариат қызметін құқықтық реттеуді үнемі жетілдіруді, заманауи цифрлық сервистерді енгізуді және электрондық нотариат саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды талап ететінін атап өтті.
Республикалық нотариаттық палата өкілдерінің дөңгелек үстел жұмысына қатысуы кәсіби диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға және нотариаттың цифрлық трансформациясы саласындағы үздік тәжірибелерді зерделеуге бағытталған кезекті қадам болды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар сарапшылық пікірталастың жоғары деңгейін, сындарлы өзара іс-қимыл ахуалын және өткен форумның практикалық маңыздылығын атап өтті.
