Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың 02-і мен 05-і сәуір аралығында «Нотариаттық қызметтегі теория мен тәжірибенің ара қатынасының өзекті мәселелері» бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Бұл «Нотариустардың біліктілігін арттыру туралы ереже» бекітілгеннен кейінгі Нотариустардың біліктілігін арттыру орталығымен ұйымдастырылған алғашқы біліктілікті арттыру курстары. Оның қағидалары бойынша әрбір нотариус жылына 6 бал жинау міндетті.
Төрт күн ішінде әртүрлі аймақтардан келген 70-тен астам нотариус 36 академиялық сағаттан тұратын оқыту бағдарламасын игерді.
Нотариустар курс аясында құқықтану магистрі Людмила Кутенко, заң ғылымдарының магистрі Светлана Нагай, Нұр-Сұлтан қаласының нотариусы Айгүл Мерғалиева, құқықтану магистрі, «M.S. Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti» Құқықтану жоғары мектебінің аға оқытушысы, Нұр-Сұлтан қаласының нотариусы Олег Полумордвинов, РһD докторы, «M.S. Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti» азаматтық, кәсіпкерлік және азаматтық іс жүргізу құқығы кафедрасының доценті Алия Даутбаева-Мухтарова, құқықтану магистрі, «M.S. Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti» Құқықтану жоғары мектебінің аға оқытушысы Естер Бабаджанянның:
- Жеке тұлғаның қатысуымен заем шартын куәландыру;
- Құпия өсиетті ашу;
- Суррогат ана болу шарты;
- Нотариаттық қызметтегі медиация;
- Алименттерді төлеу жөніндегі келісімдер;
- Атқарушылық жазба. Кейінгі өзгертулер мен толықтыруларға шолу;
- Нотариус қызметіндегі этикалық нормалар;
- Нотариустардың тәжірибелік қызметіндегі шарттық құқық;
- Мұрагерлік туралы заңнамадағы өзгерістерге шолу тақырыптары бойынша дәріс сабақтарын тыңдап шықты.
Биыл оқыту бағдарламасына «Астана медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі, жоғары біліктілік санатындағы психиатр дәрігер Галия Мукашеваның «Психиатриядағы клиникалық сұхбат алу. Психикалық жағдайын бағалау. Іс-әрекетке қабілеттілік мәселелері» дәрістері қосылды.
Білім алушылар әрбір тақырыпты меңгергеннен кейін кейс-тапсырмаларды орындап, тестілеуден өтті. Тестілеудің қорытындылары бойынша тыңдармандарға сертификаттар ұсынылды. Нотариустардың біліктілігін арттыру туралы ереженің 7.4. пунктінің 5 тармақшасына сәйкес, тестілеуді сәтті өткен нотариустар 5 балдан жинады.
Бұдан басқа, Республикалық нотариаттық палатаның 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын орындау мақсатында Нотариустардың біліктілігін арттыру орталығы қашықтық нысан бойынша оқыту әдісін пайдалана отырып, «Нотариустардың құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелері» атты 12 академиялық сағаттан тұратын вебинар курстарын Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтөбе, Ақмола, Атырау және Алматы облысы нотариустарына ұйымдастырды.
Сондай-ақ, 2019 жылдың 03-сәуірінде Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы мен атқарушы директоры Әсел Жанәбілова мен Гүлнар Рыспекованың қатысуымен Павлодар облысы нотариустарына арналған көшпелі оқыту семинары өтті.
Нотариустар атқарылған шаралардың деңгейін жоғары бағалады және бұндай оқыту бағдарламалардың маңыздылығын атап өтті.
Келесі төрт күндік курстар маусым айының соңында өтеді.