Республикалық нотариаттық палата Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталуына байланысты астаналық нотариутардың қызметіндегі кейбір сұрақтарға қатысты түсіндіру береді.
Жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді куәландыру туралы.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабы 2 тармағына сәйкес, жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекенжайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады.
Осыған орай, азаматтар мен заңды тұлғалардың ресми құжаттарында астананың бұрынғы атауы көрсетілген құжаттар өзінің заңды күшін жоймайды деп хабарлаймыз.
Бұл ретте жылжымайтын мүліктің құқық белгілеуші құжаттарын ауыстыру қажет етілмейді деп ескертеміз. Құжаттар қолданылу мерзімі өткен бойда немесе олар жоғалған жағдайда және телнұсқа алу кезінде ауыстырылады.
Жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді куәландыру үшін нотариустар жеке немесе заңды тұлғалардан қосымша анықтамалар мен басқа да астана аталымының өзгеруін растайтын құжаттарды талап етпеуді ұсынамыз. Себебі астана атауының өзгеруі жалпыға мәлім факт болып табылады.
Нотариаттық құжаттарда Нұр-Сұлтан атауы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ресми жарияланған күннен бастап қолданылады.
Бұдан басқа, Республикалық нотариаттық палата нотариаттық құжаттарда астананың бұрынғы атауы Астана жазылуы оның жарамсыздығын анықтамайды деп есептейді.
Астаналық нотариаттық палатаның қайта тіркеуі туралы.
«Нотариат туралы»Қазақстан Республикасы Заңының 20 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аймақтық бөлiнiске сәйкес бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағы нотариаттық округ болып танылады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодекстің 42 бабына сәйкес, заңды тұлға атауы өзгергенде қайта тiркелуге тиiс. Осыған орай, астаналық нотариаттық палата заңнамада көрсетілген тәртіп бойынша қайта тіркеуден өте алады.
Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталуы – бұл тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Тұңғыш Президент – Елбасының еңбегін мойындау мен құрметтеу болып табылады.