2022 жылғы 30 наурызда Республикалық нотариаттық палатаның кеңсесінде Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жанәбілова БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.
Ақпараттық технологиялардың нотариаттық қызметке интеграциялануы, нотариаттық қызметтерді алудың қолжетімділігі мен қолайлылығы, нотариаттың азаматтық айналымның түрлі салаларындағы құзыреттерін одан әрі кеңейтудегі әлеуеті және нотариустардың азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы қол жеткізген табыстары туралы Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Қазақстанның жетекші БАҚ өкілдерімен кездесу барысында талқылады.
Қазіргі нотариаттың «цифрлық» дамуы жедел қарқынмен жалғасуда. 2021 жыл цифрландыруға қатысты Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңына бірқатар жаңалықтарды енгізу кезеңі болды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 15 ақпандағы Заңды іске асыру шеңберінде нотариалды куәландырылған құжаттарды сақтау үшін репозиторийдің орталықтандырылған электрондық жүйесі және нотариустың электрондық мұрағаты құрылды.
2021 жылғы 1 шілдеден бастап нотариустар нотариаттық іс-әрекеттерді электрондық нысанда нотариаттық құжат дайындау арқылы жасайды; азаматтар нотариаттық мәмілелерге нотариустың қатысуымен ЭЦҚ-мен қол қоя алады немесе цифрлық қолтаңбаға арналған графикалық планшеттің көмегімен қол қоя алады; жаңа нотариаттық іс-әрекеттер енгізілді; қағаз жеткізгіштерде дайындалған нотариаттық құжаттарда бірегей нөмір (QR-код)орналастырылған, оның көмегімен нотариаттық құжат туралы ақпаратты тексеруге болады.
Осылайша, «Нотариат туралы» Заңның 4-3-бабының 2-тармағына сәйкес, нотариаттық іс-әрекеттер жасалғаны туралы мәліметтерді нотариус БНАЖ нотариаттық іс-әрекеттерінің электрондық тізіліміне дереу енгізеді. Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің (БНАЖ) өзі 10 жылдан астам уақыттан бері табысты жұмыс істеп келеді және қазіргі уақытта нотариаттық іс-әрекеттердің электрондық тізілімінен; мұрагерлік істер тізілімінен; өсиеттерді есепке алу тізілімінен; нотариаттық электрондық репозиторийден тұрады.
БНАЖ жүйесінде 4 381 нотариус тіркелген, 94 миллионнан астам нотариаттық іс-әрекеттер туралы мәліметтер бар.
Орта есеппен нотариустар жыл сайын 10 млн-нан астам нотариаттық іс-әрекет жасайды, оның 1,5 млн-нан астамы жеңілдетілген нотариаттық тарифті қолдану арқылы жасалады («Нотариат туралы» ҚР Заңының 30-1-бабының 2-тармағына және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 617-бабына сәйкес).
Нотариустың өз құзыретінің дәстүрлі саласы – жылжымайтын мүлік айналымындағы рөлі күшейе түсуде. 2021 жылы біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану арқылы ғана 248 202 мәміле жасалды.
Бұл ретте цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалатын нотариаттық қызметтер мен сервистердің саны мен танымалдылығы артып келеді.
Жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға нотариус арқылы электрондық түрде құжаттарды беруге сұраныс артып келеді. 2021 жылы нотариустар жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге 1 млн-нан астам өтініш жіберді. Құжаттарды тапсырудың бұл әдісінің басты айырмашылығы жеделдік және ыңғайлы «бір терезе» форматы, онда нотариус өзі дұрыс жасалған құжаттар мен сенімді ақпараттың қажетті пакетін жинайды, ал БНАЖ-ға тіркеудің дайын нәтижесі келеді.
Өткен жылы «Азаматтарға арналған үкіметтің» бастамасы бойынша Әділет министрлігі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізді. Нотариуста жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жасалған мәміледен кейін клиент қалауы бойынша қосымша сомаға нәтижені төлеу сәтінен бастап екі сағат ішінде жеделдетілген тәртіппен ала алады.
Сонымен қатар, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап нотариуста жылжымайтын мүлікпен мәміле жасаған клиенттер мемлекеттік бажды Kaspi.kz.қосымшасында төлей алады.
Бүгінгі таңда нотариус дайындаған электрондық құжаттың қағаз жеткізгіштегі құжатпен бірдейлігін және нотариус дайындаған қағаз жеткізгіштегі құжаттың электрондық құжатпен бірдейлігін куәландыратын жаңа нотариаттық іс-әрекеттер аса өзекті болып отыр. Республикалық нотариаттық палатаның есептеуі бойынша, 2021 жылы осындай сипаттағы 120 000-нан астам нотариаттық іс-әрекеттер жасалған.
«Электрондық нотариаттың» тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – БНАЖ порталындағы тегін жария сервистер. Тек 2021 жылдың өзінде сенімхаттарды, атқарушылық жазбаларды, мұрагерлік істерді тексерудің нотариаттық қызметін онлайн-тексеруді барлығы 700 000-ға жуық адам пайдаланды.
Республикалық нотариаттық палатаның Төрайымы сондай-ақ нотариат институтын дамытудың таяу перспективалары туралы, атап айтқанда, «Цифрлық нотариат» жобалық тобының іске асырылу барысы туралы және кейбір мемлекеттік қызметтерді нотариустарға беру туралы ақпаратпен бөлісті.